Жаңа вирус па: Қазақстандықтар бұрын-соңды болмаған ауру белгілеріне шағымданды
Әлеуметтік желіде қазақстандықтар күз басталғалы ауада әлдебір вирус тарап, жаппай ауырып жатқанын жазды. Ауру белгілері бәрінде бірдей: тамақ ауыру, мұрыннан су ағу, әлсіздік, ЖРВИ-ға ұқсас бірақ дене қызуы жоқ. Олар сырқаттың емін таппай жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандықтардың айтуынша, бұған дейінгі ауруынан айықпастан үшінші рет сырқаттанып қалғанын, бүкіл отбасы мүшелері де аурудан бас көтере алмай жатқанын жазды.

“Күзден бастап брітүрлі ЖРВИ басталды. Достарым, туыстарым, таныстарым, бәрі ауырып шықты. Бастапқыда түшкіруден басталады, одан тамақ қызарады, кейін дауыс қарлығып, одан вирус өкпеге түсіп, қатты жөтелге ұласады. Соған қарамастан дене қызуы жоқ”, “Емделе алмай үшінші рет ауырып жатырмын. Жанымдағы адамдардың бәрі ауырып жүр. Тамақ ауырады, бронхит, түшкіру, одан қалса мұрын бітелу. Ем қонбай жатыр”, “Бәрінде жаппай аллергия ма? Көз жасаурап, қызарады, мұрын бітеледі. Менде аллергия болған емес. Ауада бір нәрсе бар сияқты”, “Бұрын-соңды бұлай қатты ауырмап едім”, – деп жазды желі қолданушылар.

Астана тұрғындары да әлеуметтік желілерде "жаңа вирус" туралы талқылап, бір-бірінде ұқсас белгілер байқалып жатқанын жазуда.
Желі қолданушылары тамақтың ауыруы, мұрынның бітуі және ЖРВИ-ге тән басқа да белгілер туралы айтып жатыр. Кейбір адамдарда ауру дене қызуынсыз өтіп жатқаны байқалады.

Қазақстандықтардың жаппай ауырып жатқанына қатысты Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Салтанат Беккожина түсініктеме берді. Маманның айтуынша, қыркүйектің басынан бері елімізде күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп жатыр. Алайда қазір ешқандай вирус жоқ екенін айтты ол.
“Бұл кезеңде ауа райының күрт өзгеруі де тыныс жолдарының вирустық инфекцияларының таралуына әсер етуі мүмкін. Қазір жаңа немесе бұрын белгісіз болған вирустар анықталған жоқ. Сонымен қатар ауру белгілеріне қарап нақты қандай вирус жұққанын анықтау мүмкін емес. Сондықтан ауру белгілері пайда болған жағдайда өздігінен емделмей, медициналық ұйымға барып, дәрігердің тексеруінен өтіп, маманның кеңесін алу қажет”, – деп кеңес берді маман.
Сарапшы ауру жұқтырып алмас үшін бірқатар кеңес берді.
“Алдын алу үшін бөлмені үнемі желдетіп, қолды таза ұстау, ауру белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу ұсынылады. Қажет болған жағдайда адам көп жиналатын жерлерде маска тағу керек. Сондай-ақ ЖРВИ белгілері байқалса, мүмкіндігінше үйде болған дұрыс”, – дейді Салтанат Беккожина.
Сондай-ақ маман дене қызуы жоғарылап, қатты әлсіздік байқалып, тыныс алу қиындаса немесе жалпы жағдай нашарласа уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажет екенін ескертті.
Астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қазір тыныс жолдары ауруларының әдеттен тыс немесе бұрынғыдан әлдеқайда ауыр белгілері байқалмайтынын атап өтті.
"Көп жағдайда ауру кәдімгі ЖРВИ-ге тән клиникалық белгілермен өтеді. Дегенмен кейбір науқастар инфекцияны ауырлау өткеруі мүмкін. Бұл әсіресе созылмалы аурулары, иммунитеті төмен және басқа да қауіп факторлары бар адамдарға қатысты", – деп хабарлады ведомство.
Десе де ведомство ЖРВИ белгілерімен медициналық көмекке жүгінген тұрғындар санының аздап өскенін де жасырмады.
Олардың мәліметінше, 2026 жылғы 4-10 қыркүйек аралығында Астанада шамамен 3 354 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31%-ға аз. 2025 жылдың 4-10 қыркүйегінде 4 638 жағдай тіркелген.