Алматыда автотұрақ ақысы екі есе қымбаттайтын көшелердің тізімі жарияланды
Алматы қаласы жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының автотұрақтардың сараланған тарифтерін белгілеуді ұсынған көшелер мен автотұрақ аймақтарының толық тізімі жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тізімде барлығы 338 учаске көрсетілген
Автотұрақ ақысы 100 теңге болып қалатын жерлер
Көрсетілген 77 учаске үшін базалық тарифті 100 теңге деңгейінде белгілеу ұсынылған.
Атап айтқанда, тізімге мыналар кіреді:
- Тілендиев, Брусиловский және Түркебаев көшелерінің Төле би мен Райымбек батыр көшелерінің арасындағы жекелеген бөліктері;
- Абай даңғылының, Сәтбаев, Тимирязев, Шаляпин, Сайын, Розыбакиев көшелерінің және басқа да көшелердің кейбір учаскелері.
Мысалы, Абай даңғылының Б. Момышұлы көшесінен Сайын көшесіне дейінгі бөлігінде, Тимирязев көшесінің Розыбакиев көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі аралығында, сондай-ақ Қалқаман шағынауданындағы №7 қалалық аурухананың маңында сағатына 100 теңге мөлшеріндегі тарифті сақтау ұсынылған.
Автотұрақ ақысы 150 теңге болатын жерлер
Жоба бойынша 150 теңге тарифі 90 учаскеге белгіленеді.
Олардың қатарында:
- Абай даңғылының Байтұрсынов пен Мұқанов, Манас пен Әуезов, сондай-ақ Әуезов пен Гагарин көшелерінің арасындағы учаскелері;
- Гагарин даңғылының Жандосов көшесінен Төле би көшесіне дейінгі бөлігі;
- Төле би, Сәтбаев, Шевченко, Жароков, Қабанбай батыр, Қарасай батыр және басқа да көшелердің учаскелері кіреді.
Сондай-ақ 150 теңге тарифін мына орындардағы автотұрақтарға белгілеу ұсынылып отыр:
- Солтүстік айналма жол бойындағы бірқатар базарлар мен сауда орталықтарының маңындағы автотұрақтарға;
- "Сайран" автовокзалындағы автотұраққа;
- Бас ботаникалық бақтың оңтүстік кіреберісіндегі автотұрақ аумағына;
- Төле би көшесіндегі City Center бизнес орталығының бойындағы учаскеге.

Автотұрақ ақысы 200 теңгеге дейін қымбаттайтын жерлер
Ұсынылған тізімдегі ең үлкен топ — сағатына 200 теңге тарифі белгіленетін аймақтар. Оған 171 учаске кіреді.
Бұл санатқа Алматы қаласының орталық бөлігінің едәуір бөлігі енген:
- Шевченко, Құрманғазы, Сейфуллин, Наурызбай батыр, Достық, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Гоголь, Жібек жолы, Мақатаев, Абылай хан, Қонаев, Пушкин және Зенков көшелерінің жекелеген учаскелері;
- Әл-Фараби даңғылындағы "Нұрлы Тау" бизнес орталығының бойындағы автотұрақ;
- Достық даңғылының Абай даңғылынан Жолдасбеков көшесіне дейінгі бөлігі;
- Абай даңғылының қала орталығындағы бірнеше учаскесі;
- сондай-ақ Жібек жолы маңындағы көшелердің едәуір бөлігі.
Айта кететін жайт, жаңа тарифтер бүкіл көшеге емес, нақты учаске мен автотұрақ аймағына байланысты белгіленеді. Сондықтан бір көшенің өзінде автотұрақ құны әртүрлі болуы мүмкін.
Айта кетейік, бүгін Алматы қаласы мәслихатының сессиясында коммуналдық ақылы автотұрақтардағы тарифтерді өзгерту ұсынылды. Қазір қолданыстағы сағатына 100 теңге мөлшеріндегі бірыңғай тарифтің орнына нақты аумақтағы көлік жүктемесіне қарай 100, 150 және 200 теңге көлеміндегі сараланған төлем жүйесін енгізу жоспарланған.
Алматы қаласы жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, қолданыстағы тариф 2016 жылдан бері қайта қаралмаған. Осы уақыт ішінде қаладағы көліктер саны бір миллионнан асып, жолдар мен автотұрақ орындарына түсетін жүктеме айтарлықтай артқан.
"68 мың теңге келді": Қазақстандықтар коммуналдық қызмет бағасының күрт өсуіне шағымданды