Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жүргізушілерден 450 мың теңге алған

алаяқ жаяу жүргінші
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбеде ер адам жаяу жүргіншілер өткелінде өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жүргізушілерден ақша талап еткен. Полиция оның екі жүргізушіден жалпы 450 мың теңге алғанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақтөбеде ер адам жүргізушілерді алдап, жаяу жүргіншілер өткелінде өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, ақша талап еткен. Полиция оның осындай екі жағдайға қатысы барын анықтады.

Оқиға Жиенбаев және Ташкент көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Ер адам көлік өзін қағып кеткендей кейіп танытып, жүргізушілерге жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатын алғанын айтқан.

Осылайша ол жүргізушілерден ақша талап еткен. Оның сөзіне сенген азаматтар мобильді қосымша арқылы ақша аударған.

Тексеру барысында ер адамның мұндай әрекетті екі рет жасағаны анықталды. Бір жүргізуші оған 250 мың теңге, екіншісі 200 мың теңге аударған. Сөйтіп, келтірілген жалпы шығын көлемі 450 мың теңге болды.

Жүргізушілердің бірі кейін болған жағдайға күмән келтіріп, полицияға жүгінген. Тексеруден соң ақпарат расталып, күдіктінің жеке басы анықталды.

Қазір іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды жол-көлік оқиғасы болған жағдайда сақ болуға және жаяу жүргіншінің жарақат алғаны туралы күмән туындаса, мәселені өз бетінше шешпей, полицияға жүгінуге шақырады.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте блогер кафе иесін қорқытып, бейнежазбаларды жарияламау үшін 20 миллион теңге талап етті деген күдікке ілінген. Блогердің кафеге жиі келіп, онда көргендерін телефонына түсіріп жүргені айтылды. Ол кәсіп иесіне түрлі заңбұзушылықтарды көрсетіп, тексеріс органдарынан қиындық тудыруы мүмкін екенін айтып, ақша талап еткен.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 15:39