Ұлдана Мырзуан ісі: Экс-инспектор 2018 жылы үйде нақты не тексерілгенін түсіндіре алмады
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза болған тұрғын үйдің 2018 жылғы тексеруіне қатысты сотта экс-инспектор Жасұлан Мырзахметов жауап берді. Ол құжаттарда тексеру жүргізілгені көрсетілгенін растағанымен, сол кезде үйдің нақты қай бөлігі тексерілгенін, қандай заңбұзушылық анықталғанын және тексеруге не негіз болғанын есіне түсіре алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында 2018 жылы тұрғын үйге тексеру жүргізген экс-инспектор Жасұлан Мырзахметовтен жауап алынды.
Оны сот үйдің бұрынғы басқарушысы Гүлсім Ақшалова 2018 жылы ешқандай тексеру жүргізілмегенін айтқаннан кейін шақырған. Құжаттарда тексеруді Мырзахметов жүргізгені көрсетілген.
Экс-инспектор құжаттарға сүйеніп, "Құжат бойынша тексеру бар, демек, ол жүргізілген" деп жауап берді. Алайда тексерудің нақты қандай негізде жүргізілгенін толық түсіндіре алмады.
Сотта тексеруге 2017 жылғы техникалық қорытынды негіз болды ма деген сұрақ қойылды. Мырзахметов оның қолында мұндай қорытынды болғанын нақты айта алмады.

Сондай-ақ ол тексеру кезінде нақты не қаралғанын инженерлік желілер ме, әлде ғимараттың қасбеті ме есіне түсіре алмады.
Тексеруден соң заңбұзушылық анықталған жағдайда нұсқама берілетінін айтқанымен, дәл осы үйде қандай да бір заңбұзушылық тіркелгенін де нақтылай алмады.
Бұдан бөлек, нұсқама мен тексеру актісінің үй басқарушысы Гүлсім Ақшаловаға табысталғанын растайтын дерек келтіре алмады.
"Тексеру бойынша ештеңе айта алмаймын", – деді экс-инспектор сотта.
Жасұлан Мырзахметов қалалық ортаның сапасын бақылау басқармасынан 2018 жылдың қарашасында жұмыстан кеткен.
Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үй ғимаратының сыртқы қасбеті опырылып, бірнеше адам зардап шеккен еді. Оқиға орнына көмек көрсетуге барған 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның үстіне кондиционер құлап, ол ауыр жарақат алды. Дәрігерлер он күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, Ұлдана 18 қарашада көз жұмды. Ол бес жыл бойы фельдшер болып жұмыс істеген және қайғылы оқиғадан бірнеше апта бұрын ғана тұрмысқа шыққан еді.
"Қызым 6 айдан бері оқуға бара алмады": Қаскелеңде автобус қағып кеткен студенттің анасы істің жабылғанына наразы