Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада үйдің қасбеті опырылып құлады: Ұлданамен бірге зардап шеккендердің бірі керең болып қалды

Ұлдана Мырзуан
Фото: Бейнероликтен үзінді

Үйдің қасбеті опырылып, қаза болған Ұлдана Мырзуанмен бірге зардап шеккендердің бірі алған жарақаттарынан керең болып қалған. Бұл туралы оның адвокаты сотта мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленуші Айнұр Нұрпейісованың адвокаты Жадра Құрымбаева сот отырысында әйелге ота жасаған нейрохирург дәрігерді сотқа шақыру туралы өтініш білдірді.

"Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, диагноздардың бірі – оң жақ самай сүйегінің сынып, сүйек сынықтарының ығысуымен қатар жүретін басылып сынуы. Сынық бас сүйегінің негізіне, ортаңғы және алдыңғы бассүйек шұңқыры аймағына, сондай-ақ оң жақ самай төменгі жақ буынына өткен. Бұл сынық және жарықшақтың ортаңғы бассүйек шұңқырына өтуі оң жақ есту жүйкесінің механикалық жаншылып, толық зақымдануына, сондай-ақ ішкі құлақтағы рецепторлық аппараттың бұзылуына әкелген”, – деді жәбірленуші тараптың өкілі.

Адвокаттың сөзінше, жәбірленуші Айнұр Нұрпейісоваға сурдолог қорытындысын қойып берген. Қорытынды нәтижесінде "посттравмалық сенсоневралды есту қабілетінің төртінші дәрежелі төмендеуі" диагнозы қойылған. Яғни оң құлақ толық естімейді. Бұл оң жақтағы есту функциясының қайтымсыз жоғалғанын және оны хирургиялық немесе терапиялық жолмен қалпына келтіру мүмкін емес екенін білдіреді.

Оның сөзінше, зардап шеккен әйелдің сол құлағына да компенсаторлық жүктеме түсіп, оның есту қабілеті төмендеп жатыр.

"Сондықтан болашақта оған қымбат тұратын есту аппараттарын тағуға тура келеді. Оқиға болған күні самай сүйегінің механикалық зақымдануы мен кейіннен толық кереңдіктің пайда болуы арасындағы тікелей себеп-салдарлық байланысты анықтау үшін істің мән-жайларын жан-жақты әрі толық объективті зерттеу мақсатында дәрігерді сотқа шақырып, жауап алуды сұраймын", – деп түсіндірді адвокат Жадра Құрымбаева.

Судья өтінішті қанағаттандырды. Осылайша, нейрохирург дәрігер келесі сот отырысына шақырылады. Келесі отырыс 16 қыркүйекте өтеді.

Ислам Әден
Бейсенбі, 10 Қыркүйек, 2026 17:41