Қаскелеңде автобус қағып кеткен студенттің ісі жабылып қалған: Анасы қызының ауыр жарақат алғанын айтады
Алматы облысы, Қаскелең қаласында орналасқан Сүлеймен Демирел университетінің 2-курс студенті жаяу жүргінші өтетін жерден автобус қаққан, алайда прокуратура істі жауып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Студенттің анасы редакциямызға сұхбат берді. Сөзінше, оқиға ақпан айында болған. Сабақтан шығып, жатақханаға бара жатқан қызды жаяу жүргіншілер өтетін жолақтан автобус қағып кеткен.
“Оқиға 12 ақпан күні болды. Таңертең қызыма хабарласқанымда, сабаққа бара жатқанын айтты, ал кешке маған кураторы хабарласып, маған осы жағдайды жеткізді. Жедел жәрдем келгенше жерде 1 сағаттай жатып қалған. Келесі күні әкесі мен әпкесі үшеуіміз Қаскелеңге жол тарттық”, – деді қыздың анасы.
Анасының айтуынша, ауруханаға жеткенде оларды палатаға кіргізбеген, себебі қызға бұған дейін сырттан адамдар келіп олар екі рет кірген.
“Сөйтсек, жүргізушінің әкесі мен әйелі қызымыздың палатасына кірген екен. Әкесі маған хабарласып, “қызың тірі, өліп қалса қайтер едің” деген сөздер айтты. Оған жауап ретінде ашуланып “өліп қалса ұлыңның түбіне жетер едім, тірі қалғанына шүкір етіңдер” дедім. Кейін әкесінен ешқандай хабар жоқ, бірақ қаққан жүргізуші келіп, қолымызды алып, қыздың жағдайы жақсы болатынына уәде берді”, – деді қыздың анасы.

Қыздың анасы кейін автобус жүргізушісі арасында ортақ танысының бар екенін білген. Ортаға сол адамды салып, ешқандай арыз-шағымы жоқ екені туралы қолхат жаздыртып алған. Кейін қызын томографияға түсіргенде, дәрігерлер қызда ауыр жарақаттар бар екенін анықтаған.
“Томографияда дәрігерлер қыздың бұғанасы сынған сіздерге бұны емдетулеріңіз керек деп шығарып салды”, – деді қыздың анасы.
Қыздың анасының сөзінше, сол емханада жүргізушінің әйелі дәрігер болып қызмет атқаратынын кейін білген. Ол әйелдің бақылап жүргенін де бірнеше рет байқаған.
“Емхананың басшысына тексерістің нәтижесінде ешқандай бұрмалау болмасын, қалай бар, солай жазып беруін сұрадым. Басшысы ештеңеге уайымдап қажет емес екенін айтты”, – деді қыздың анасы.

Анасының сөзінше, қызының басына қан құйылған және бұғанасы сынған. Сонымен қатар аяғына да біраз зақым келген. Учаскелік полиция қызметкерлері сот медициналық экспертизасының қорытындысы маңызды екенін алға тартқан.
“Олардан дайын болғанын, болмағанын сұрасақ, әлі дайын емес екенін айтады. Сот медициналық экспертизаның нәтижесі 18 сәуірде шыққан екен, ал біз оны маусым айында естідік. Енді сотқа өтеді деді, содан тағы сотқа өткенін күттік. Оның да қашан болатынын сұрап жүрдік, басында жауап беретін соңғы жағында жауап бермей қойды”, – деді қыздың анасы.
Қызы үшін шырылдаған ана 9 қыркүйек күні полицияға хабарласқанда, тергеуші оған істің қысқартылғанын мәлімдеген. Қыздың анасы соттың не үшін болмайтынына әлі күнге дейін түсінбей, дал болып отырғанын жеткізді.

“Бастапқыда жүргізуші тараптың адамдарына келмеңіздер десек те, сорпа, тамақ әкеліп тұрды. Қызым сұйық тамақты ұнатпайды деп жүріп тоқтаттық. Біз алыс жерде болған соң тамаққа деп қызымның шотына 200 мың теңге аударды. Оның жартысын сол ауруханада ота жасағанға жұмсадық. Қалғанына тамақты тапсырыспен алдыртып отырдық. Басқа ешқандай көмек көрген жоқпыз. Қызымның көрген азабы, бүлінген жеке заттары, 6 ай оқуын жалғастыра алмағаны біздің жүрегімізге батады”, – деп сөзін қорытындылады қыздың анасы.
Қазіргі уақытта қыздың жағдайы қалыпты. Анасы бірінші отадан соң бұғанасына темір қойылғанын, ал желтоқсан айында екінші ота жасалатынын айтты. Университет тарапынан академиялық демалыс алғандықтан, биылғы оқу жылында 2-курсын жалғастырып жатыр.
Оқиға бойынша редакция Алматы облыстық полиция департаментінен пікір сұраған еді, бірақ ол жақта бұл іске қазір облыстық прокуратура жауап беретінін мәлімдеді. Ал облыстық прокуратура әзірге ешқандай да жауап бермеді.
Астанада параспортшылар федерация басшысына жалақысының бір бөлігін беруге мәжбүр болғанын айтты