Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық боксшы қыз Елеусіновтің жағдайына алаңдап, оның менеджеріне үндеу жасады

данияр елеусінов
Фото: Іnstagram.com/lady_sparta

Қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинова Данияр Елеусіновтің соңғы мәлімдемелеріне қатысты пікір білдіріп, оның менеджері Зие Алиевке көпшілік алдында үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сатыбалдинова Instagram-дағы сторисінде боксшының жағдайына назар аударуға шақырды.

"Онымен не болып жатқанын көріп отырсыз ғой. Сіз оның промоутері ретінде Даниярға көмектесе алмайсыз ба?" – деп жазды спортшы.

Сондай-ақ боксшы Елеусіновке мамандардың көмегі қажет болуы мүмкін екенін айтып, оған психологиялық қолдау немесе оңалту қажет болса, осы мәселеге назар аударуға шақырды.

Таяуда Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов әлеуметтік желідегі жазбасында соңғы жылдары алкогольге тәуелділікпен күресіп жүргенін ашық айтты. Боксшы бұл жағдайдың Олимпиададан кейін басталғанын айтып, өзін мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына түскені үшін сынағандарға жауап берді.

Елеусінов мұндай қиындыққа тап болған адамдарды мазақ етпеуге және айыптамауға шақырды. Оның сөзінше, адам мұндай жағдайдың қаншалықты қиын екенін өз басынан өткермей түсіне бермейді.

Боксшы спорттағы жетістіктеріне қарамастан, қазіргі кезеңді өміріндегі күрделі сынақ ретінде қабылдайтынын айтты. Ол бұл жағдайды Алланың сынағы деп атап, кейде мұндай тәуелділікті жеңуде адамның ерік-жігері ғана жеткіліксіз болуы мүмкін екенін жеткізді.

Елеусінов қазақстандықтарды қиындыққа тап болған адамдарға түсіністікпен қарауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйде көлік жүргізіп ұсталған еді. Кейін Астана әкімшілік соты Елеусіновті 20 тәулікке қамауға алып, жүргізуші куәлігінен жеті жылға айырды. Данияр Елеусінов 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының жеңімпазы, сондай-ақ Азияның екі дүркін чемпионы (2013, 2015).

Stan.kz
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 12:58