Индонезияда 90 жылға жуық уақыт бойы көзден таса болған улы приматтар табылды
90 жылға жуық уақыт бойы жабайы табиғатта байқалмаған улы примат Индонезиядан табылды. Ғалымдар сирек кездесетін бангкалық жуан лоридің бар екенін растайтын 90-нан астам дерек жинаған. Алайда жануардың жойылып кету қаупі әлі де жоғары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бангка аралындағы Alobi Wildlife Rescue Center мамандары сирек кездесетін приматтың бар екенін дәлелдейтін 90-нан астам дерек жинаған. Ғалымдар бұл жануарды жабайы табиғатта соңғы рет 1937 жылы тіркеген. Содан бері оның бар екені туралы расталған бақылаулар болмаған.
Бангкалық жуан лори – көзі үлкен, түнде тіршілік ететін шағын примат. Оның өзгеше қорғану механизмі бар. Жануардың білегінің ішкі жағында арнайы бездер орналасқан. Олар бөлетін сұйықтықты жануар сілекейімен араластырғанда, тістеген жері улы әсерге ие болады.
Мұндай у адамда ауыр аллергиялық реакция тудыруы мүмкін. Кей жағдайда өмірге қауіп төндіретін анафилактикалық шокқа дейін жеткізеді. Жуан лорилер улы сүтқоректілердің қатарына жатады.
Дегенмен ғалымдар сирек кездесетін жануардың болашағына алаңдаулы. Бангкалық жуан лори тек Индонезиядағы Бангка аралында мекендейді. Аумағы шамамен 12 мың шаршы шақырым болатын аралда миллионға жуық адам тұрады.
Пайдалы қазбаларды өндіру, ормандарды кесу және елді мекендердің кеңеюі приматтардың табиғи мекенін тарылтып барады. Мамандар жануарды қорғау үшін оның тіршілік ортасын сақтаудың маңызы зор екенін ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін 2026 жылы Конго Демократиялық Республикасының Ломами ұлттық паркінің тропикалық ормандарынан ғылымға бұрын белгісіз болған маймыл түрі анықталған еді. Жергілікті тұрғындар оны "Ликвели" деп атайды. Ерекше қызғылт-сары ернімен ерекшеленетін приматты зерттеушілер алғаш рет 2008 жылы байқағанымен, оның жеке түр екені тек кейінгі зерттеулер нәтижесінде дәлелденді. Ғалымдар жануардың дауысын жазып, фотосуреттерін түсіріп, генетикалық сараптама жүргізген. Оған Colobus congoensis деген ғылыми атау берілді.
Соңғы 75 жылда Африкада ресми түрде сипатталған бесінші жаңа маймыл түрі болды. Зерттеушілер оның өте сирек кездесетінін және еті үшін ауланатынын айтып, қорғау шараларын күшейту қажеттігін ескертті.