Конгода Эбола вирусынан көз жұмғандар саны 5 мыңнан асты
Конго Демократиялық Республикасында Эбола індеті өршіп, көз жұмғандар саны 5 мыңнан асты. Қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 10 мыңнан асып, науқастардың шамамен жартысы қайтыс болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BILD_Russian порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінің ірі өршуі жалғасып жатыр. 2026 жылдың мамырынан бері қауіпті індеттен 5026 адам қайтыс болған. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, вирус жұқтырғандар саны 10 351-ге жеткен. Яғни науқастардың шамамен әр екіншісі көз жұмған. Осылайша, Эбола тарихындағы адам өлімі бойынша екінші ірі індет болып тіркелді. Оның таралуына қарсы әзірге мақұлданған вакцина жоқ Бундибуджо вирусы себеп болған.
Елде апта сайын 400-500 жаңа жұқтыру дерегі тіркеледі. Олардың төрттен бірінен азы ғана билікке белгілі инфекция тізбектерімен байланысты. Бұл вирус жұқтырғандарды анықтап, оқшаулауды қиындатып отыр. Эмори университетінің жұқпалы аурулар жөніндегі маманы Богум Титанджидің айтуынша, вирустың таралуы өте жоғары деңгейде тұрақтаған.
Індетпен күреске қарулы қақтығыстар, жергілікті тұрғындардың медицина қызметкерлеріне сенімсіздігі және халықаралық көмектің қысқаруы кедергі келтіріп отыр. Вирус жұқтыру деректері Конгодан тыс Кения, Нигерия және Угандада да тіркелген.
Еуропалық эпидемиологиялық қызметтер аурудың Еуропалық одақ аумағына таралу қаупін өте төмен деп бағалайды. Вирус жұқтырған адамның биологиялық сұйықтықтарымен тікелей байланыс арқылы беріледі. Алайда науқас ауру белгілері пайда болғаннан кейін ғана өзгелерге жұқтыра алады.
Ауру әдетте дене қызуының көтерілуі, бас және бұлшықет ауыруынан басталады. Кейін құсу, іш өту және қан кету белгілері байқалуы мүмкін. Ауыр жағдайда бірнеше ағзаның қызметі қатар бұзылады. Мамандардың пікірінше, Еуропадағы науқастарды анықтау және олармен байланыста болған адамдарды бақылау жүйелері індеттің кең көлемде таралу қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелгенін жазған едік. Атырау облысында бір адамнан ауру ПТР әдісімен расталды. Тағы бір адамға індет жұқтырды деген күдік болғанымен, оның тест нәтижесі теріс шықты. Мамандар аурудың таралуына жол бермеу үшін науқастармен байланыста болған адамдарды медициналық бақылауға алды.