Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев Каспий құбыр консорциумын салу үшін Ельцинмен қалай келіскенін айтып берді

Назарбаев
Фото: Видеодан Скриншот

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл бұрын Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельцинмен болған кездесудің жай-жапсарын айтып берді. Сол кездесуде Каспий құбыр консорциумын (КҚК) салу туралы шешім қабылданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

КҚК құру туралы келісім жобасына Ресей, Қазақстан және Оман 1992 жылы қол қойған. Алайда жеке мұнай компанияларын жобаға қатыстыру шарттарына қатысты ұзаққа созылған келіспеушіліктерге байланысты оның түпкілікті нұсқасы тек 1996 жылы бекітілді. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге барған. Ал Борис Ельцин Кремль ауруханасында ем қабылдап жатқан.

"Тікелей палатасында отырып сөйлестік. Мен: “Борис Николаевич, сізбен өте маңызды мәселе бойынша сөйлесуге келдім. Ауруханаға келгеніме кешірім сұраймын, бірақ уақыт күтіп тұрған жоқ”, – дедім. Сосын картаны жайып, мұнай құбыры Ресей аумағы арқылы өтіп, мына жерге дейін жететінін көрсеттім. Ол бірден сол кездегі премьер-министр Виктор Черномырдинге телефон шалып: “Менің жанымда Нұрсұлтан Әбішұлы отыр. Солтүстік Каспийден Қара теңізге дейін мұнай құбырын тарту Ресей үшін тиімді ме, жоқ па?” деп сұрады. Черномырдин “Тиімді” деп жауап берді. Сонда Ельцин: “Ендеше, қол қоямын”, – деді. Мәселе осылай шешілді", – деді Назарбаев "Бір бағыт – екі мемлекет. Геостратегиялық жобаның 30 жылы" атты деректі фильмде.

КҚК мұнай құбыры жүйесі – Каспий өңірінен әлемдік нарыққа мұнай жеткізетін ең ірі бағыт. Бұл – Қазақстан үшін негізгі экспорттық бағыттардың бірі. Елдің мұнай экспортының 80 пайыздан астамы осы құбыр арқылы тасымалданады.

Ұзындығы 1,5 мың шақырым болатын мұнай құбыры Батыс Қазақстандағы кен орындарын Қара теңіз жағалауымен байланыстырады. Мұнда мұнай КҚК теңіз терминалы арқылы танкерлерге тиеліп, әлемдік нарыққа жөнелтіледі.

Назархан Уән
Жексенбі, 29 Қараша, 2026 14:10