Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Караван" басылымы жабылады: Редакция қызметкерлеріне компанияның таратылатыны хабарланған

caravan.kz
Фото: caravan.kz

Қазақстандағы танымал "Караван" басылымы 2026 жылдың соңында жұмысын тоқтатуы мүмкін. Редакция қызметкерлеріне компанияның таратылатыны айтылып, басылым 31 желтоқсанға дейін ғана жұмыс істейтіні жария болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qumash арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым журналисі Римма Гахова әлеуметтік желідегі парақшасында редакцияда болған жағдай туралы жазды.

"Кеше бізге компаниямыздың таратылатынын хабарлады. 31 желтоқсанға дейін жұмыс істейміз. Болды. Тарих осымен аяқталады", – деп жазды Гахова.

Журналистің айтуынша, көптеген қазақстандық үшін "Караван" жай ғана газет немесе сайт емес, елдің ақпараттық өмірінің бір бөлігіне айналған. Бірі оны жеке хабарландырулар жарияланған қалың газеті арқылы еске алса, енді бірі басылымдағы мақалалары, фотосуреттері мен қоғамда талқыланған материалдарын ұмытпаған.

"Компаниямен бірге кәсіби өміріміздің тұтас бір кезеңі аяқталатынын түсіну мұңды екен. Әріптестер, жобалар, үйреншікті жұмыс ырғағы, ортақ естеліктер... Алда тағы бір ай жұмыс бар, одан кейін не болары белгісіз. Жаңа жолдар күтіп тұр", – деп жазды журналист.

"Караван" қалай құрылды?

Басылымның тарихы 1991 жылғы 2 тамыздан, яғни Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанға дейін басталған. Оның негізін кәсіпкер Борис Гиллер қалаған. "Караван" елдегі алғашқы коммерциялық апталық газет болды.

1990 жылдары басылым Қазақстандағы ең танымал әрі көп таралымды газеттердің біріне айналды. Журналист Сергей Туниктың естеліктеріне сүйенсек, ең табысты кезеңінде газеттің таралымы 300 мың данадан асқан. Газет беттерінде жаңалықтар, журналистік зерттеулер, сұхбаттар, қылмыстық хроника, жарнамалар мен жеке хабарландырулар жарияланды. Уақыт өте келе "Караван" бренді аясында "Караван-блиц", қазақ тіліндегі "Аруана" газеті, "Какаду" журналы және басқа да басылымдар жарық көрді.

"Караван" интернет кеңістігін де алғашқылардың бірі болып меңгерді. Оның сайты туралы халықаралық Yahoo! каталогында 1997 жылы-ақ мәлімет болған. Ал сайттың сақталған алғашқы нұсқалары 1998 жылға тиесілі. Редакция өзінің интернет-порталының туған күні ретінде 2000 жылғы 7 сәуірді есептейді.

2022 жылдың тамызында газет 31 жылдық тарихынан кейін қағаз нұсқасында шығуын тоқтатты. Ол кезде редакция мұны қағаз, баспахана қызметтері мен газетті тарату құнының өсуімен, сондай-ақ оқырмандардың жаңалықтарды интернеттен жиі оқуымен түсіндірген еді. Алайда Caravan.kz сайты жұмысын жалғастырған еді.

Еске салайық, бұған дейін Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты сот үкімі шыққан еді. Ол Қылмыстық кодекстің үш бабы – заңсыз кәсіпкерлік, көрінеу жалған ақпарат тарату және бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету баптары бойынша кінәлі деп танылған. Сот мәліметінше, 2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы желтоқсанға дейін Бажкенова "О" ЖШС-нің басшысы бола отырып, компания шотынан 88,1 миллион теңге жымқырған. Сот оны сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Алайда баласының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі екі жылға кейінге шегерілді. Сонымен қатар оған бес жыл бойы журналистикамен, блог жүргізумен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және өзге де қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Ал Orda.kz редакциясы сайттың жабылуы осы сот ісімен байланысты екенін мәлімдеген жоқ. Компания құрылтайшысы Мақсат Ғаниев жобаның ұзақ уақыт бойы шығынға батқанын және оған әрі қарай инвестиция салудың экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін айтқан.

Айым Атамбаева
Сенбі, 28 Қараша, 2026 18:09