Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Orda.kz басылымы жабылады

orda
Фото: Orda.kz

Orda.kz сайты жабылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналистер соңғы материалдарын 31 тамызда жариялайды. Басылымды жабу туралы шешімді "Ordamedia.kz" ЖШС-нің құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы Мақсат Ғаниев қабылдаған.

Оның айтуынша, бұған жобаның шығынға батуы себеп болған. Құрылтайшы алты жыл бойы инвестиция салғаннан кейін де басылымды "аса үлкен шығыннан" шығарып, жұмсалған қаражатты қайтаруға мүмкіндік көрмейтінін айтқан.

“Orda.kz әділ, әртүрлі "сұр ақша" схемалары мен "теріс блоктарсыз",  жарнама келісімшарттары арқылы табыс таба алады. Бірақ ол әрең шығынды жаппақ. Ұзақ мерзімді инвестицияларды қайтара алмайды. Мен БАҚ-ты саяси ойындар, жалған жаңалықтар немесе бопсалау үшін пайдаланғым келмейді. Бұл менің жеке мақсаттарыма сәйкес келмейді”, – деді Мақсат Ғаниев.

Ғаниев қызметкерлерге толық жалақы төленетінін және енді БАҚ-қа инвестиция салуды жоспарламайтынын мәлімдеді.

Редакция жабылуға қатысты бұдан өзге себептердің немесе қандай да бір жасырын астардың жоқ екенін мәлімдеді. Қызметкерлер мен серіктестер алдындағы барлық міндеттемелер толық көлемде орындалатынын айтты.

Бас редактор Анна Платонова басқа БАҚ өкілдерін тек редакцияның ресми мәлімдемелеріне сүйенуге шақырды. 

Еске салсақ, "Орда" сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға сот үкім шығарды. 

Сот оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып таққан:

  • 214-бап — заңсыз кәсіпкерлік;
  • 274-бап — көрінеу жалған ақпарат тарату;
  • 189-бап — ұйымдасқан топпен не аса ірі көлемде бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету.

Сот мәліметінше, 2024 жылы қараша мен 2025 жылы желтоқсан айлары аралығында “О” ЖШС-нің басшысы Бажкенова компанияның есепшотынан 88,1 миллион теңге жымқырған. 

Сот үкімімен Бажкенова кінәлі деп танылып, 8 жылға сотталды. Алайда баласының болуына байланысты жазасы 2 жылға кейінге қалдырылды. Сонымен қатар оған 5 жыл бойы журналистика, блог жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдары, жария іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Қырмызы Скендір
Дүйсенбі, 31 Тамыз, 2026 15:18