"Орда" сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенова 8 жылға сотталды
Алматыда “Орда” ақпараттық порталының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты сот үкімі шықты. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Алайда жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімді Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық соты хабарлады.
Сот оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып таққан:
- 214-бап — заңсыз кәсіпкерлік;
- 274-бап — көрінеу жалған ақпарат тарату;
- 189-бап — ұйымдасқан топпен не аса ірі көлемде бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету.
Сот мәліметінше, 2024 жылы қараша мен 2025 жылы желтоқсан айлары аралығында “О” ЖШС-нің басшысы Бажкенова компанияның есепшотынан 88,1 миллион теңге жымқырған.
“Ол бұл ақшаны бақылауындағы жеке кәсіпкердің шотына аударып, жалған қызметтер үшін төлем ретінде көрсеткен. Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігі ұлының жекеменшік халықаралық мектептегі оқу ақысын төлеуге жұмсалған. Бұдан бөлек, Бажкенованың кәсіпкер ретінде тіркелмей, Алматыда пәтерлерді сатып алу және сату арқылы 121,2 миллион теңге табыс тапқаны анықталды. Ал оған салық төленбеген”, – делінген хабарламада.
Сот мәліметінше, Бажкенова 2024–2025 жылдары "Орда" порталының бас редакторы болып жүрген кезде интернет пен әлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпаратты 8 рет таратқан. Бұл әрекет азаматтардың, ұйымдар және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген.
Сот үкімімен Бажкенова кінәлі деп танылып, 8 жылға сотталды. Сонымен қатар оған 5 жыл бойы журналистика, блог жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдары, жария іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Оған қоса 5 жыл бойы БАҚ-қа қатысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты лауазымдарды атқара алмайды.
Сот 14 жасқа толмаған баласы бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді 2 жылға кейінге қалдырды. Бұдан бөлек, материалдық залалды өтеу үшін 95,9 миллион теңге, мемлекеттік баж ретінде 2,8 миллион теңге, жәбірленуші тараптың заң көмегіне және процестік шығындарына 6,8 миллион теңге өндірілді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Orda.kz редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы жазған едік. 1 желтоқсан күні полиция Orda.kz басылымының кеңсесі мен Гүлнар Бажкенованың пәтерінде тінту жүргізді. Журналиске бірнеше рет әдейі жалған ақпарат тарату дерегі бойынша айып тағылған.
Қазақстандық ер адам қолына бұрауыш тығып алып, көз жұмды: Туыстары дәрігерлердің салғырттығына шағымданды
