Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда "ҚазТАГ" басылымының басшыларына қатысты сот үкімі шықты

Әсет Матаев пен Әмір Касенов
Фото: instagram.com/matayev.asset, kaztag.kz

Алматыда “ҚазТАГ” басылымының бас директоры мен бас редакторына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы сотының үкімімен ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев үш жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сот оны "қызметтік міндеттеріне адал қарамау" және "бұзақылық" баптары бойынша кінәлі деп таныды. Жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі бір жыл үш айға дейін қысқартылды. Сонымен қатар Асет Матаевқа үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Ал ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов бір жыл үш айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сот оны Freedom Finance брокерлік компаниясы туралы жазбаларда "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп таныды. Сондай-ақ оған үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Маусым айының ортасынан бері тергеу изоляторында болған Қасенов сот залынан босатылды. Оған қатысты бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа өзгертілді.

Аталмыш іс бойынша тағы бір күдікті Жанна Қапарова да кінәлі деп танылды, алайда рақымшылыққа байланысты оған тағайындалған жаза мерзімі нөлге дейін қысқартылды.

Сондай-ақ сот үкімімен үшеуінен де Freedom Finance компаниясының пайдасына 165,4 миллион теңге көлемінде материалдық шығын өндірілетін болды.

Еске салсақ, ҚазТАГ агенттігінің басшылары Әсет Матаев пен Әмір Қасеновке қатысты қылмыстық іс қозғалғаны 2025 жылдың соңында белгілі болды. Оларға Freedom Finance компаниясының арызы негізінде қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айып тағылды.

Брокерлік компания полицияға жүгініп, ҚазТАГ басылымы "шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді, эмоциялық сипаттағы айыптауларды және бұрмаланған фактілерді таратты" деп шағымданған. Сондай-ақ жарияланған материалдарда "бірқатар өрескел қателіктер мен дәлсіздіктерге жол берілгенін" алға тартылды.

Ал Әсет Матаев пен Әмір Касенов тағылған айыптарды жоққа шығарды. Редакция мақалаларда жалған ақпарат жоқ екенін, материалдардың журналистерге жүгінген оқырмандардың мәлімдемелеріне негізделгенін мәлімдеді.

Кейінірек Әсет Матаевқа тағылған "көрінеу жалған ақпарат тарату" айыбы алынып тасталып, оған тек "қызметтік міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып қалдырылды. Наурыз айында Алматыда болған төбелес оқиғасынан кейін оған "бұзақылық" бабы бойынша қосымша айып тағылды. Матаевтың адвокаттары бұл оқиғаның арандатушылық болғанын мәлімдеді.

Осыдан кейін Матаев қамауға алынып, "бұзақылық" бабы бойынша қозғалған іс ҚазТАГ-қа қатысты негізгі қылмыстық іспен біріктірілді. Апелляциялық шағым қаралғаннан кейін оған қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, үйқамаққа жіберілді.

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

Әсет Матаев пен Әмір Касенов өздеріне тағылған айыптарды мойындамады. Журналистер сот үкіміне апелляциялық шағым түсіруге ниетті.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 03 Тамыз, 2026 19:54