Алматыда бес адам көз жұмған өрт: Үй иесі оқиғаға бұрын тұрған әйелдің қатысы бар екенін айтты
Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке қатысты үй иесі Куаныш Кенес өз болжамын айтты. Оның сөзінше, үш ай бұрын осы үйде тұрған әйел ғимаратқа қайта кіріп, қасақана өрт қоюы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Жетінші арна" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке қатысты үй иесі Куаныш Кенес өз болжамын айтты. Оның сөзінше, қайғылы оқиғаға осы үйде бұрын тұрған әйелдің қатысы болуы мүмкін. Ер адам әйелдің осыдан үш ай бұрын да үйді өртегенін, ал бұл жолы ғимаратқа қайта кіріп, жанғыш қоспа төгіп, өрт қойғанын мәлімдеді.
Қазір оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр.
Куаныш Кенестің айтуынша, үш ай бұрын үйде өрт шығып, оны сөндіруге үлгерген. Алайда сол кезде полицияға хабар бермеген. Осы оқиғадан кейін әйелді үйден шығарып жіберген.
Үй иесі қайғылы оқиға болған түні әлгі әйел ғимаратқа қайта кіріп, өрт қоюы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, бұл нұсқаны растайтын бейнежазбалар мен куәгерлер бар.
"Мұнда 100% қасақана өрт қою деп ойлаймын. Үйді жалға берумен айналысатын адамдармен байланысымыз бар. Олар сол әйелді таныған. Ол бұрынғыдай киім, маска, көзілдірік және сөмке таққан. Оны растайтын адамдар да бар. Бір адам оны қолынан ұстап алған. Әйел негізгі кіреберіс арқылы кіріп, жанғыш қоспаны төгіп, өрт қойған. Содан кейін сол есіктен шығып, оны жауып кеткен. Мұндағы адамдардың сыртқа шыға алмауын көздеген болуы мүмкін", – деді Куаныш Кенес.
Еске салайық, бұған дейін 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйден өрт шыққан. Жалын 100 шаршы метрден астам аумақты шарпыған. Салдарынан бес адам қаза тапты. Олардың арасында, куәгерлердің айтуынша, тоғыз жасар қыз бала да бар. Тағы тоғыз тұрғын баспанасыз қалды.
Қайғылы оқиғадан кейін Алматы полициясы қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Үй иесінің өртке қатысты айтқан нұсқасы әзірге тергеу барысында тексерілуге тиіс.
"Арқан тарту, күйеу көру, тамада": Қазақтың тойы заман ағымына қарай қалай өзгерді