Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында белгісіз адамдар 30 жылдық ағаштарды түбінен кесіп, отап жатыр

оталған орман
Фото: Видеодан скрин

Жамбыл облысының Байзақ ауданында белгісіз адамдар жасыл желекті заңсыз кесіп жатыр. Көктал ауылының тұрғындары 30 жылдық ағаштардың жаппай оталып жатқанына алаңдаулы. Олардың айтуынша, белгісіз біреулер діңі жуан қарағаштарды таңдап, түбінен кесіп әкетеді. Жұрт полицияға шағымданғанымен, әзірге нәтиже жоқ деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Көктал ауылындағы жасыл алқап күн өткен сайын сиреп барады. Тұрғындардың сөзінше, белгісіз адамдар ағаштарды рұқсатсыз кесіп, алып кетеді. Жергілікті халық заңсыз әрекеттерді видеоға түсіріп, полицияға жіберген. Алайда бір айдан бері ешқандай шара қолданылмағанын айтады.

Мәліметтерге сенсек, Байзақ ауданында орманды отап, тал біткенді түбінен тып-типыл етіп кесіп кетеді. Мәселен, ат құлағы көрінбес жасыл желектен мен тұрған аймақ қазір жалаңаш күйге түскен. Тұрғындар балталының артында қалталы біреулер тұр дейді. Өйткені кескенін көріп, таспалап, тәртіп сақшыларына ұстатқанмен, іс қозғалмаған. Ал әкімдік әрекетсіз деп ашынады.

Ауыл тұрғындары ағаш кесушілердің әрекеті отын дайындаумен байланысты емес деп санайды. Өйткені олардың айтуынша, белгісіз адамдар кез келген ағашты емес, діңі жуан, сапалы қарағаштарды таңдап кеседі. Көктал ауылының тұрғыны Оңал Өмірзақов мұны кәсіптік мақсатта жасалуы мүмкін деп күдіктенеді.

"Бұл жағдайда жеті-сегіз ағаштан артық кесілсе, қылмыстық іс қозғалуы керек. Ағаштарды кесіп жүргендердің видеосын бір ай бұрын Ішкі істер министрлігі мен учаскелік полиция қызметкеріне жібердік. Көліктің нөмірі де, куәгерлер де бар. Мұны көрген адамдар жеткілікті. Алайда әлі күнге дейін ешқандай шара қолданылған жоқ", – деді Оңал Өмірзақов.

Тұрғындардың бірі Нұрман Қанапов та ағаштардың кесілгеніне қарап, мұның артында кәсіппен айналысатын адамдар болуы мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, ағаштар белгілі бір өлшеммен кесіліп, діңгегінің әр сантиметріне дейін есептелетіндей көрінеді.

"Бұлар кәсіппен айналысатын адамдар сияқты. Өйткені ағаштарды жоғары жағынан емес, түбінен кесіп кетеді. Әр сантиметрін өлшеп, мұқият кескендей. Жиһаз жасай ма, әлде біреудің тапсырысын орындай ма, оны білмеймін", – деді Нұрман Қанапов.

Ал ауылдық округ әкімдігі ағаштарды кесуге ешкімге рұқсат бермегенін мәлімдеді. Көктал ауылдық округінің әкімі Серік Қайпұлдаевтың айтуынша, бұл мәселе полицияға жолданған. Құқық қорғау органдарының әрекетін күтіп отыр.

"Біз кесуге рұқсат берген жоқпыз. Біз бермейміз рұқсатты. Кесіп кеткендерді білмейміз. Біз учасковыйға бердік. Бөлімше полецейі өз ісін жалғастырсын енді", – деді әкім.

Әзірге ағаштарды кімдердің кесіп жатқаны белгісіз. Көктал тұрғындары кінәлілердің анықталып, заң аясында жауапқа тартылуын талап етеді. Сондай-ақ олар ауылдағы жасыл желекті сақтап қалу үшін тиісті шаралар қабылдануы керек деп есептейді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Құрманғазы көшесінде абаттандыру жұмыстары кезінде ағаштардың түбіне бетон құйылғаны тұрғындардың наразылығын тудырған еді. Әлеуметтік желіде тараған видеода емендердің тамыры зақымданғаны айтылды. Алайда әкімдік бұл жұмыстар кезінде ағаштарға зиян келмегенін мәлімдеген. Ведомствоның түсіндіруінше, видеода көрсетілген түбір екі жыл бұрын кесілген ағаштан қалған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 28 Қараша, 2026 08:18