Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мәслихат сайлауының алдында сайлау учаскелері тексеріліп жатыр: ІІМ мәлімдеме жасады

Сайлау
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 29 қараша өтетін мәслихат сайлауына дайындық аясында 10 мыңнан астам сайлау учаскесінің қауіпсіздігі тексеріліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, еліміз бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі белгіленген. Қазір олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Атап айтқанда, дайындық барысында нысандардың терроризмге қарсы қорғалу талаптарына сәйкестігі тексерілуде. Сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдар мен қызметтер арасында өзара іс-қимыл ұйымдастырылған.

Министрлік мәліметінше, дауыс беру күні полиция қызметкерлері сайлау учаскелерінде және оларға іргелес аумақтарда қоғамдық тәртіпті күзетеді.

"Негізгі назар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың сайлау құқықтарын еркін әрі кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасауға аударылады", – делінген министрлік хабарламасында. 

Еске салсақ, 12 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған еді. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 27 Қараша, 2026 22:16