Қазақстанда мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды: Енді сайлау өтеді
Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақорданың мәліметінше, жарлық жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясы 88-бабының 5 тармағына сәйкес Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебаймен консультация өткізгеннен кейін "Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы" Жарлыққа қол қойды”, – делінген хабарламада.
Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауы керек. Сондай-ақ комиссияға сайлауға дайындық пен оны өткізу жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды.
Еске салсақ, бұған дейін мәслихат сайлауына байланысты Тоқаев премьер-министр және Құрылтай төрағасымен консультация өткізген болатын.
