"Халық Кеңесі Құрылтайға балама емес": Тоқаев Халық Кеңесінің міндетін түсіндірді
Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа органды құрудың мақсаты, оның атауы мен Құрылтаймен арадағы өкілеттіктердің ара-жігіне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев Халық Кеңесі мен Құрылтайдың қызметін де бөлек түсіндірді. Оның сөзінше, екі институттың өкілеттіктері бірін-бірі қайталамауы тиіс.
"Алайда мына нәрсені бірден түсініп алған жөн. Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ. Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Халық Кеңесі идеясын бұрыннан ойластырып жүргенін айтып, оның атауына не себепті "Халық" сөзі енгізілгенін түсіндірді.
"Мен елдегі түйткілдерді ашық талқылайтын, жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құруды көптен бері жоспарлап жүрдім. Оның құрылымы, атқаратын жұмысы жөнінде ұзақ ойландым. Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзім ұсындым. "Қазақстан Халық Кеңесі" деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі бұл – халық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа Конституцияны әзірлеу кезінде Қазақстан Халық Кеңесін жалпыұлттық диалог алаңы әрі заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары консультативтік орган ретінде құру көзделген. Президент Кеңесті құрудағы негізгі мақсат қоғамдық диалогті одан әрі дамыту екенін айтты.
"Өркениетті ел болу – жаһан көшінен қалмай, үнемі бәсекеге қабілетті болу деген сөз. Біз ұлттық сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет. Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсатымыз да – осы. Ел тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірікті. Мұны "Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт" тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты көрінісі деп айтуға болады. Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жалпыұлттық бірлігіміздің анағұрлым нығайып, институционалдық сипатқа ие болғанын көрсетті", – деді Президент.
Президент бұдан бөлек, заң жобаларын әзірлегенде қоғамның ұсыныс-пікірін толық ескеру үшін Халық Кеңесі мен Құрылтай комитеттері өзара тығыз жұмыс істеуі қажет екенін айтты. Қолданыстағы үкіметтік регламентте де Құрылтай депутаттары немесе Қазақстан Халық Кеңесі бастама жасаған заң жобаларын қарау тәртібі қарастырылған.
