Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды

Ерлан Қошанов
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің төрағалығына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ерлан Қошанов Халық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Тиісті шешім бүгін жаңа органның алғашқы сессиясында қабылданды.

Президент оның мемлекеттік қызмет пен Парламенттегі көпжылдық тәжірибесін атап өтті. Осыдан кейін алғашқы сессияға қатысушылар жасырын дауыс берді. Тоқаев жаңа органның міндеттері туралы ертең егжей-тегжейлі айтатынын жеткізді.

"Жалпы, Халық кеңесінің алдында көптеген міндет тұр. Ертең негізгі отырыста алда тұрған маңызды міндеттерге толығырақ тоқталамын", – деді Президент.

Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекітті. Кеңеске барлығы 126 адам енді.

Олардың қатарында қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, ғалымдар, журналистер, кәсіпкерлер мен спортшылар бар.

Президенттің тиісті Жарлығы 2026 жылғы 22 қыркүйекте күшіне енді.

Ерлан Қошанов кім

Ерлан Жақанұлы Қошанов 1962 жылғы 14 тамызда Жезқазған облысы Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Ол — Қазақстанның мемлекеттік және саяси қайраткері.

1984 жылы Жезқазғандағы Қарағанды политехникалық институтының филиалын "инженер-механик" мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін жоғары коммерциялық білім алып, 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясында "экономист" мамандығын меңгерген. Еңбек жолын 1986 жылы "Жезқазғантүстімет" байыту фабрикасында слесарь болып бастаған. Кейін комсомол ұйымдарында және сыртқы экономикалық байланыс саласында қызмет атқарған.

1995-1999 жылдары Сенат депутаты болды. Кейін Үкіметтің Парламенттегі өкілі, Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары және Көлік және коммуникациялар вице-министрі қызметтерін атқарды.

2007-2017 жылдары Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары және кейін Кеңсе басшысы болды. 2017–2019 жылдары Қарағанды облысының әкімі, ал 2019–2022 жылдары Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды.

2022 жылғы ақпанда Мәжіліс төрағасы болып сайланды. Ал 2023 жылы VIII шақырылымдағы Мәжіліс төрағасы болып қайта сайланды. 2022–2026 жылдары "Amanat" партиясын басқарды.

2026 жылы жаңа Конституция қабылданып, Парламенттің құрылымы өзгергеннен кейін Мәжіліс таратылды.

Қошанов заң шығару жұмысы кезеңінде цифрлық реттеу, әлеуметтік қорғау, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, жасанды интеллект және басқа да бағыттар бойынша заң жобаларын талқылауға қатысты.

Қошанов қазақ, орыс және неміс тілдерін меңгерген. Мемлекеттік наградаларының қатарында "Отан" ордені, I дәрежелі "Барыс", "Парасат" және "Құрмет" ордендері бар.

Еске салайық, Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге қарастырылған. Қаржы жалақыдан бөлек, халықпен кездесулер, форумдар мен сессиялар өткізуге, жол шығындарына, қоғамдық консультациялар мен тыңдауларға, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді пайдалануға жұмсалады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 15:10