Қазақстан халық кеңесіне 1,7 млрд теңге бөлінді
Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен брифингте Қазақстан халық кеңесі жұмысына 1,7 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, шығындар жалақыны ғана қамтымайды.
“Халық кеңесі өз қабырғасында ғана жұмыс істеп қоймай, халықпен көптеген кездесулер өткізеді. Тиісінше, бұл кездесулер үшін форумдар ұйымдастырылады, сессиялар өткізіледі, жол жүру шығындары бар. Сонымен қатар олардың қоғамдық консультациялары, тыңдаулары және басқа да шаралары бар", – деп түсіндірді вице-министр.
Ол Қазақстан халық кеңесі жұмысын қамтамасыз ету үшін ақпараттық жүйелерді қолданатынын айтты. Абзал Бейсенбекұлы кеңес мүшелері үшін еңбекақы төлеу жүйесі жұмыс істейтінін, бірақ оның егжей-тегжейі қызметтік ақпаратқа жататынын, сондықтан оны ашуға болмайтынын түсіндірді.
Еске сала кетейік, Қазақстан үкіметі 2027 жылға арналған республикалық бюджетті есептеу кезінде доллар бағамына қатысты болжамын қайта қарады. Бұған дейін бір доллар 540 теңге болады деп есептелсе, енді келер жылдың бюджетіне 480 теңге бағамы енгізілген. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин бұл өзгеріске биыл теңгенің нығаюы әсер еткенін айтты.