Қазақстан 2027 жылға арналған бюджетте доллар бағамын өзгертті
Қазақстан үкіметі 2027 жылға арналған республикалық бюджетті есептеу кезінде доллар бағамына қатысты болжамын қайта қарады. Бұған дейін бір доллар 540 теңге болады деп есептелсе, енді келер жылдың бюджетіне 480 теңге бағамы енгізілген. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин бұл өзгеріске биыл теңгенің нығаюы әсер еткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін Құрылтайда үкімет 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырды. Әмриннің айтуынша, 2026 жылдың бюджеті әзірленген кезде валюта нарығындағы жағдай қазіргіден өзгеше болған.
"2026 жылдың бюджетін біз 2025 жылдың шілдесінде жоспарладық. Ол кезде доллар бағамы 540 теңге шамасында еді. Тіпті 550–554 теңгеге дейін көтерілген кезі болды. Сол кездегі өзгерістерге қарап, алдағы уақытта да бағам осы деңгейде болады деп болжадық. Сондықтан биылғы бюджетте доллар 540 теңге деп есептелді", – деді ол.
Ал 2027 жылға арналған бюджетте үкімет бір долларды 480 теңге деп есептеп отыр. Бұған биылғы валюта бағамының өзгерісі негіз болған.
"Қазір биылғы жағдайды және бағамның қалай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан 2027 жылдың бюджетіне доллар бағамын 480 теңге деп енгіздік", – деді Әмрин.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері доллардың орташа бағамы шамамен 478 теңгені құраған. Үкімет келер жылдың бюджетін есептеген кезде осы көрсеткішті де ескерген.
"Келер жылдың қорытындысында көрсеткіштер де, валюта бағамы да басқаша болуы мүмкін. Қажет болса, бюджетке нақтылау енгізуге мүмкіндік бар. Бірақ әзірге оған негіз жоқ. Керісінше, біз 480 теңгені біршама сақтықпен алынған болжам ретінде енгіздік", – деді бірінші вице-министр.
Айта кетейік, 16 қыркүйектегі күндізгі сауда қорытындысында Қазақстан қор биржасында доллардың орташа бағамы 444,88 теңге болды. Бір күнде АҚШ валютасы 2,8 теңгеге арзандап, бағам 2024 жылғы мамырдан бергі ең төменгі деңгейге түсті.
