Доллар тағы арзандады: Бағамы 2024 жылдың мамырынан бергі ең төменгі деңгейге түсті
16 қыркүйекте Қазақстан қор биржасында (KASE) доллар бағамы төмендеуін жалғастырды. Күндізгі сауда қорытындысында АҚШ валютасының орташа бағамы 444,88 теңгеге дейін түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биржада доллар 2,8 теңгеге арзандады. Осылайша оның бағамы 2024 жылғы мамырдан бергі ең төменгі көрсеткішке жетті. Соңғы рет доллар бағамы былтыр мамырда 445 теңгеден төмен болған.
Ұлттық банк 16 қыркүйекке доллардың ресми бағамын 447,88 теңге деп белгіледі.
Алматыдағы ақша айырбастау орындарында долларды орта есеппен 444,41 теңгеден сатып алып, 446,44 теңгеден сатып жатыр.
Астанада долларды сатып алудың орташа бағамы – 443,02 теңге, сату бағамы – 450,02 теңге.
Еске салсақ, бұған дейін қаржы сарапшысы қыркүйекте доллар құны қалай өзгеретінін айтып, қаржы нарығына болжам жасаған еді. Сарапшының сөзінше, қазіргі доллар бағамының төмендеуі – нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа сай қалыптасқан баға. Алайда күз және қыс айларына қарай доллардың құны 480-490 теңге аралығында болуы мүмкін.
