Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қыркүйекте доллар құны қалай өзгереді – Сарапшылар қаржы нарығына болжам жасады

Доллар
Фото: Pexels

Бүгінде доллар барлық әлемді өз аузына қаратып отыр. Осыдан 3 күн бұрын АҚШ валютасының құны 451 теңге болса, бүгінде 465 теңге болып тұр. Қыркүйекте доллардың құны қай жаққа қарай ыңғайласады? Қазақстандықтарға қазір валютаны долларға айырбастаған тиімді ме? Stan.kz тілшісі қаржы және экономика саласының сарапшысы Айбар Олжайдан сұрап білді.

Сарапшының сөзінше, қазіргі уақыттағы долларды 465 теңге болуы – ұсыныс пен сұраныстағы құны орынды. Алайда күз және қыс айларына қарай доллардың құны 480-490 арасында жүруі мүмкін.

“Келесі инвестициялық қажеттіліктер үшін шетелден құрал-жабдықтар сатып алу күшейген кезде, АҚШ валютасына деген сұраныс көбірек артуы тиіс. Сондай-ақ қазір “Самұрық-Қазынаға” қарайтын квазимемлекеттік компаниялар міндетті түрде өздерінің табыстарының жартысын теңгеден долларға айырбастап тастауы мүмкін. Алдағы уақытта 1 доллардың құны 480-490 теңге болуы логикалық тұрғыдан ең ықтимал баға 2026 жылы 500-ден асып кетеді деп ойламаймын”, – деп жауап берді экономист Айбар Олжай.

Айбар Олжай теңгеге мемлекет тарапынан күш беретін факторлардың ақырындап азайып жатқанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, мемлекет өзінің ықпалын кішкене азайтқысы келеді. Өйткені мемлекет теңге таза нарықпен бағаны ұстап қалғысы келеді. 

“Басты идея осы, негізінен мемлекетке бұған қатты бас қатырып қажет емес, алайда билік басындағылар бей-жай қарап отырған жоқ. Белгілі бір заңдарды да ол жаққа енгізіп жатыр. Мемлекеттік ықпалдың жалпы айналым операцияларының жалпы сомалық пайызын қараймыз, сонда шамамен 8-9ғана. Осыған қарап біз теңгенің нарықтық құны әділ жүргізіп жатқанына көз жеткіземіз”, – деді сарапшы.

Қаржы сарапшысы халыққа теңгені долларға ауыстырудың еш қажет жоқ екенін де айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның теңгелік құралдар, оның ішінде депозит жағы өте жақсы деңгейде, тіпті шетелдік инвесторлардың өзі қаншама доллармен келіп теңгеге ауыстырып жатыр.

“Егер теңгені доллар айырбастаса, халық белгілі бір деңгейде ұтылады, сондықтан валюта ауыстырудың әзірге қажеті жоқ. Егер қатты қажет болып Америкаға сапар жасауға немесе басқа да заттарға керек кезде ғана халыққа транзакция жасау қажет”, – деп мәлімдеді қаржы сарапшысы.

Сарапшы теңге бағамы қашанға дейін тұрақтылығын ұстап тұратынын ешкім білмейтінін және ешқандай сарапшы айта алмайтынын мәлімдеді. Сөз соңында ресейлік рублдің қазіргі уақыттағы теңгеге әсері қандай екенін айтты. Айтуынша, қазақстандық валюта үшін рублдің ешқандай басымдығы жоқ.

“Ресей рублінде ешқандай да қозғалыс жоқ. Сондықтан қазір ол теңгеге ешқандай жанама әсерін беріп жатқан жоқ”, – деп қорытындылады Айбар Олжай.

Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы доллар бағамы қыркүйекте 480 теңгеге, ал 1 жылдан соң доллар құны 500-ден асуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ҚҚҚ-ның болжамы бойынша бір жылдан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 77,3 доллар болады деп болжанып отыр. Бұл қазіргі 84 долларлық деңгейден және бұған дейінгі 80 долларлық болжамнан төмен. Болжамның төмендеуіне Таяу Шығыстағы қақтығыстың біртіндеп реттелуі  әсер еткен. Ал Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізіліміне қатысты тәуекелдердің сақталуы бағаның одан әрі төмендеу мүмкіндігін шектеп отыр.

Инфляциялық болжамдар да төмендеді. Сарапшылар алдағы 12 айда баға 10,1%-ға өседі деп күтеді. Бұған дейінгі болжам 10,4% болған. Бұл қазіргі инфляция қарқынының баяулауымен байланысты. Шілдеде айлық инфляция 0,8%-дан 0,6%-ға дейін, ал жылдық инфляция 10,3%-дан 10,2%-ға дейін төмендеді.

Теңгенің нығаюы мен ішкі сұраныстың бәсеңдеуі де бағаның өсуін тежеуге ықпал етіп отыр. Бұл Ұлттық банкке ақша-несие саясатын біртіндеп жұмсартуға мүмкіндік береді.

Сарапшылар Ұлттық банк 4 қыркүйекте базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін төмендетеді деп күтеді. 

Қыркүйектегі шешім Ұлттық банктің жаңартылған макроэкономикалық болжамымен қатар жарияланады. Жыл соңына дейінгі ақша-несие саясатының бағыты осы болжамға байланысты болады.  

Сарапшылар алдағы 12 айда базалық мөлшерлеме 14,75%-ға деңгейінде болады деп санайды. Яғни инфляция бәсеңдеген жағдайда Ұлттық банк ақша-несие саясатын біртіндеп жеңілдетуі мүмкін.

Айта кетейік, осы айда Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайға және теңге бағамына байланысты мәлімдеме жасады.  Ұлттық банк мәліметінше, шілде айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 доллар үшін 473,81 теңге болып, 1,3%-ға нығайған. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 369 миллион доллардан 389 миллион долларға дейін ұлғайған. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 8,6 миллиард долларды құрады. Биржа нарығында Ұлттық қордан сатылған валюта көлемі шілде айында 200 миллион долларды құрады. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 2,3%-ын немесе күніне шамамен 9 миллион долларды құраған.

Ислам Әден
Бейсенбі, 13 Тамыз, 2026 16:11