Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринның немен айналысатынын нақтылады
Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президенттің негізгі өкілеттіктерін бекітті. Мемлекет басшысы тиісті жарлыққа 5 қыркүйекте қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 3-тармағына және “Қазақстан Республикасының Президенті туралы” Конституциялық заңға сәйкес:
1. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті:
1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық сипаттағы бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етеді және оларды Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша халықаралық іс-шараларға қатысады;
4) Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқарады;
5) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді;
6) Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның;
Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның;
Мемлекеттік символдар мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикасы жөніндегі республикалық комиссияның;
Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның;
Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның;
Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның;
Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін қамтамасыз етеді;
7) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Осы Жарлықпен белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында вице-президент:
1) өкім шығаруға;
2) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге;
3) Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Халық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға;
4) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұратуға және алуға;
5) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті қойған өзге де міндеттерді шешу үшін Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.
3. Вице-президенттің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де жағынан президент әкімшілігі қамтамасыз етеді деп белгіленсін.
4. Президенттің кейбір актілеріне енгізілетін, қоса беріліп отырған өзгерістер осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.
5. Үкімет, Президент әкімшілігі, Президенттің іс басқармасы белгіленген тәртіппен осы жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.
6. Осы жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Тоқаев Ерлан Қаринды вице-президент лауазымына тағайындағанын жазған едік.
Балалар құсып, іші өтіп жатыр: Қазақстанда инфекция таралып жатыр ма?
