Мұғалімнен вице-президентке дейін: Ерлан Қарин туралы не белгілі
31 тамыз күні Тоқаев Ерлан Қаринді Қазақстанның вице-президенті лауазымына тағайындады. Осы орайда Stan.kz Тынымбайұлының өмірі мен еңбек жолын зерттеп көрді.
Қарин туралы не белгілі?
Ерлан Қарин 1976 жылы 26 мамырда Шымкент қаласы Сайрам ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген. Ол жұбайымен бірге алты бала тәрбиелеп отыр. Олардың үлкен қызы Айжан – 26 жаста, Амина – 25 жаста, Бекназар – 20 жаста, Зере – 16 жаста. Ал егіз қызы – Мариям мен Сафия 10 жаста.
Жұмыс кестесі тығыз болса да, Қарин бос уақытын мүмкіндігінше отбасына арнауға тырысады екен. Ол отбасымен бірге жиі саяхаттайды екен. Олар Қазақстандағы тарихи және киелі жерлерді аралауға мән береді. Балалары сапар бағытын таңдауға және жоспарлауға да қатысады. Шетелге шыққанда да дайын турларды пайдаланбай, бағдарлама әзірлеуді балаларына тапсырады. Осы арқылы олардың тарихқа, мәдениетке қызығушылығын арттыруға тырысады.

Қарин бала тәрбиесінде біліммен қатар өнер мен шығармашылыққа да ерекше мән береді. Балалары спортпен айналысып, кітап оқып, домбыра тартуға қызығады. Оның пайымынша, тәрбиенің негізі мейірімділік, адалдық және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру.
Қарапайым мұғалімнен вице-президентке дейін...
Ерлан Қарин алғашқы жоғары білімін Ақтөбе мемлекеттік университетінде алған. Оқуын тәмамдаған соң жергілікті мектептердің бірінде география және тарих пәндерінен мұғалім болып аз уақыт жұмыс істеген. Кейін өзі оқыған оқу орнында саясаттанудан сабақ беріп, университеттік газетті басқарды. Сонымен қатар “Диапазон”, “Время по…” сияқты тәуелсіз басылымдарда саяси шолушы болып, мақалалар жариялады. Ал 1998 жылы Қарин Алматыға келді.
Оңтүстік астанада Ерлан Қарин бірнеше бағытта қатар жұмыс істеді. ҚазҰУ аспирантурасында білімін жалғастырып, “Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің ішкі саяси аспектілері” тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Оған қоса Қазақстанның Даму институтының Саяси зерттеулер орталығында еңбек етіп, көп ұзамай Ресей және Қытай институты директорының орынбасары болды.
2000 жылы 24 жасында Қарин Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігін басқарды. Ал 2002 жылы премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовтің штаттан тыс кеңесшісі атанды. Бұл ресми билікке жақын болғанымен, қоғамдық сипаттағы қызмет еді. Сол себепті Қарин саясатпен де белсенді айналыса бастады. Ол “Асар” партиясын құрушылардың бірі болып, кейін партия төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Партияны сол кездегі президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева басқарған. Ал 2004 жылы сайлауда Қарин парламент мәжілісіне депутат болып сайланды.
2004—2006 жылдар аралығында Антитеррорлық бағдарламалар орталығының жетекшісі, Қырғызстан жөніндегі сарапшылар тобының жетекшісі болды. Ол Қазіргі саясат халықаралық институтын (ҚСХИ) және Терроризмге қарсы бағдарламалар орталығын басқарды.
Одан кейін Ақтауға аттанып, Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың кеңесшісі болды.

2008 жылы ақпанда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Қарин қызметке тағайындалардан төрт ай бұрын, яғни 2007 жылдың 30 қазанында “Литер” газетіне сұхбат берген. Оның “Қазақстан Назарбаевсыз – “қара жәшік” деген сөзі сұхбаттың тақырыбына шығарылған. Сұхбатта Карин билік транзиті мен президенттен кейінгі кезең мәселесіне де тоқталған. Алайда ол кезде бұл тақырыпты талқылауға әлі ерте екенін айтқан.
Қарин кезінде өзінің саяси тұлға ретіндегі идеалдары Әлихан Бөкейханды, Джон Кеннедиі және Нұрсұлтан Назарбаевты екенін айтқан.
2008 жылдың қарашасында Ерлан Карин “Нұр Отан” ХДП-ның стратегиялық даму жөніндегі хатшысы болып, бес жыл отырды.
Қызметтен кетуіне шетелдік тағылымдама себеп болды. Қарин жарты жыл бойы Вашингтондағы Америка университетінде шақырылған профессор ретінде жұмыс істеді.
2014 жылы қазанда Ерлан Танымбайұлы президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры болып тағайындалды.
Ал 2017 жылдың басында көпшілік үшін күтпеген шешіммен “Қазақстан” РТРК” АҚ басқарма төрағасы болды. Бұл қызметте ол билік транзитіне дейін отырды. 2019 жылы сәуірде Қарин жаңа президенттің, сол кездегі уақытша міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі болды.
Қарин 2019 жылы қаңтар-маусым аралығында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі Сирияда өткізген “Жусан” атты құпия операцияға қатысты. 2020 жылы аталған операция туралы Қариннің “Жусан” операциясы: Сириядан кімді және неге қайтарды?” атты кітабы жарық көрді.
2019 жылы 5 сәуірде Тоқаевтың кеңесшісі, 2020 жылы 30 шілдеде президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалып, саяси мәселелермен айналысты. 2019 жылы 17 шілдеде президент жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, Қарин 2022 жылға дейін кеңестің хатшысы болды.
2022 жылы 5 қаңтарда зейнетке шыққан Қырымбек Көшербаевтың орнына Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. Сол жылы 14 маусымнан бастап Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі болды.
2022 жылы 15 маусымда Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құрылып, Қарин 2026 жылға дейін құрылтай төрағасының орынбасары болды. 2025–2026 жылдары Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етті. 2026 жылы ол Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары болды.
2026 жылы 30 маусымда Мемлекеттік кеңесші лауазымының жойылуына байланысты Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2026 жылы “Әділет” партиясының атынан I шақырылымдағы Құрылтай депутаттығына кандидат болды. Ал 31 тамыз күні Қазақстанның вице-президенті лауазымына тағайындалды.
“Жусан” операциясындағы рөлі қандай болды?
Ерлан Қаринның мемлекеттік қызметіндегі ерекше бағыттың бірі – “Жусан” операциясы.
2019 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанның арнайы қызметтері Сириядан әйелдер мен балаларды елге қайтарған. Операцияның бірнеше кезеңі нәтижесінде 607 қазақстандық – 413 бала, 157 әйел және 37 ер адам елге жеткізілді.

Сол кезде Қарин президенттің кеңесшісі әрі терроризм мәселелері бойынша сарапшы ретінде операцияның барысына қатысты ақпарат берген. Ол “Жусанның” күрделі екеніне тоқталып, операцияға арнайы қызметтермен қатар дипломаттар мен басқа да мемлекеттік құрылымдар қатысқанын айтқан.
Қарин кейін осы операция туралы “Жусан” операциясы: Сириядан кім және неге қайтарылды?”атты кітап жазды. Кітапта Сирияға әйелдер мен балалардың қалай барғаны, олардың кім болғаны, не үшін елге қайтарылғаны және операцияның қалай жүргізілгені туралы сөз болады. Сонымен бірге еңбекте қазіргі әлемдегі радикализм мәселесі талданып, осы тақырыпқа қатысты статистика мен түрлі деректер келтірілген.
Ерлан Қарин операцияға қатысушылардың бірі болған. Сондықтан кітап бір жағынан оның радикалдану тақырыбын ұзақ уақыт зерттеуінің нәтижесі болса, екінші жағынан көпшілікке беймәлім тұстарын ашатын операция куәгерінің әңгімесі ретінде ұсынылған.
Қарин операцияға арнайы қызметтермен бірге дипломаттар мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқанын, оның күрделі әрі ауқымды болғанын айтқан. “Жусан” операциясын БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар жоғары бағалаған.
Назарбаевтың фотосы бейнеленген футболка киген
Ерлан Қрин 2017 жылы желіде қызу талқыланған Нұрсұлтан Назарбаевтың фотосы бейнеленген футболка киген. Футболкада Армения президентінің жеке фотографы Давид Акопян түсірген қара-ақ сурет бейнеленген. Суреттің астына Карин Wise Power деген хэштег жаздырған. Ағылшын тіліндегі бұл тіркес “дана күш” деген мағынаны білдіреді.

2017 жылы 11 қазанда, Давид Акопян Сочиде өткен ТМД саммиті кезінде Назарбаевты фотоға түсірген. Қарин суретке алғашқылардың бірі болып пікір білдіріп, жарық, жүріс, фон сияқты детальдардың сәтті үйлескенін жазған.

Фото желіде тез тарап, Назарбаевты “Өкіл әке” фильміндегі Дон Корлеонемен, “Картадан жасалған үй” сериалындағы Фрэнсис Андервудпен салыстырғандар болды.
Назарбаевты өмір бойы президент етіп сайлауға қарсы шыққан…
Ерлан Қарин 2009 жылы “ҚазТАГ” агенттігіне берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевқа өмір бойы президент болу құқығын беру туралы ұсынысқа күмәнмен қарайтынын ашық айтқан.
Қарин “Ұлт көшбасшысы” мәртебесін бекіту мен президенттің өкілеттік мерзімін өмір бойына ұзартуды екі бөлек мәселе деп санаған. Оның пікірінше, өмір бойы президенттік енгізу елдің ұзақмерзімді дамуына тиімді әдіс емес. Оның үстіне оны құқықтық тұрғыдан жүзеге асыру қиын.
“Мен бұл бастамаға күмәнмен қараймын және оның айналасындағы пікірталасты дамытуды қолдамаймын”, – деген Қарин.
Қариннің айтуынша, президенттік билікті өмір бойына беру сайлау институтының мәнін жояды. Ал азаматтардың өз президентін таңдау құқығы Конституциямен қорғалатын құндылық.
Қарин мұндай бастама президенттің ел дамуындағы нақты рөлін бұрмалап көрсетуі және биліктің өзіне де, Назарбаевтың беделіне де кері әсер етуі мүмкін екенін айтқан.
Сонымен қатар ол бұл пікірталастың аяқ астынан пайда болмағанын айтып, оған дейін бұл тақырыптығ бірнеше рет талқыланғанын жеткізген. Оның сөзінше, бұл бастаманы кенеттен пайда болған “халықтың пікірі” деп қабылдау дұрыс емес.
Үлкен саясатқа қадам жасаған мәлімдемесі...
2024 жылы 5 маусымда Ерлан Қарин “Казахстанская правда” газетінде “Консолидация и развитие” атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Мақаланың тақырыбы астарына “Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытының тұжырымдамалық негіздері” деген түсіндірме берілген.
Онда Мемлекеттік кеңесші президент Тоқаевтың саяси бағытының негізгі кезеңдері мен басымдықтарын түсіндірді. Қариннің айтуынша, Қазақстанның қазіргі идеологиясының өзегінде “әділет” деген әмбебап ұғым тұр. Соған сәйкес мемлекеттік саясаттың басты идеологиялық тұжырымы – “Әділетті Қазақстан”.
Қарин бұл идеядан қоғамның сұранысы мен мемлекеттің ұстанымы тоғысатынын айтады. Оның пайымынша, “Әділетті Қазақстан” бүкіл қазақстандық қоғамды біріктіретін идеяға айналды.
Қызығы, сарапшылар Қариннің мақаласында “Әділетті Қазақстан” тіркесі 36 рет қайталанғанын есептеген. Ал “Жаңа Қазақстан” тіркесі небәрі бір рет қолданылған.
“Қаңтар оқиғасына” қатысты не айтты?
6 қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт тұрғындарға оқ атылды ма деген мәселе әлі де қоғамда талқыланып келеді. Бұл сауалға кезінде Ерлан Қарин жауап беріп, “бейбіт халыққа оқ атылды” деген пікірді жоққа шығарған еді. Ол мұны Qasqa jol YouTube арнасына берген сұхбатында айтқан.
“Мен көрген видеолар мен басқа да деректер бойынша, ол жерде ешқандай қару атылған жоқ, қару қолданылған жоқ. Полиция алғашқы күндері арнайы құралдарды пайдаланды. Бейбіт жиынға қатысушыларға қару қолданылған жоқ”, – деді Қарин.
Осылайша Қарин полицияның қару қолданғанын жоққа шығарып, 6 қаңтардағы әрекеттерді арнайы құралдарды пайдаланумен түсіндірді.
Қарин сұхбатында қоғамдағы “Неге бейбіт жиынға қатысушыларға қару қолданылды?” деген сұрақтың өзі дұрыс қойылмай отырғанын айтты. Оның айтуынша, алғашқы күндері құқық қорғау органдары арнайы құралдарды ғана пайдаланған.
Ерлан Қарин
Тағы бір қызық жайт интернетте Ерлан Қаринның суреті басылған футболка да сатылып жатыр. Мәселен, Ansa.kz сайтында Қаринның суреті бейнеленген футболка арнайы тауар ретінде ұсынылған.

Тауар сипаттамасында былай жазылған:
“Барлық өлшемдер бар. 1 жастан (22 өлшем) бастап 60 жасқа (10XL) дейінгі өлшемдерді жасай аламыз. Сурет 100 рет жуғанға дейін өшпейді, түсі қанық болып қалады. Футболканың сапасы өте жақсы”, – деп жазылған.
Айта кетейік, Тоқаев вице-президент Қарин мен премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдағаны туралы жазған едік.