Қазақстан Ресейге мұнай жеткізу келісімін қайта жандандырмақ
Құрылтай Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімді қайта күшіне енгізуді көздейтін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат екі ел арасындағы мұнай жеткізудің негізгі тәртібін қайта бекітеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім 2010 жылы жасалған. Қазақстан оны 2013 жылы ратификациялады, ал құжаттың мерзімі 2024 жылғы 1 қаңтарда аяқталды. Кейін екі ел келісімді қайта күшіне енгізу үшін жаңа хаттама әзірлеп, оған 2024 жылғы 27 қарашада Астанада қол қойды.
Жаңартылған келісім 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін күшінде болады. Егер Қазақстан немесе Ресей одан бас тартатынын алты ай бұрын ескертпесе, құжаттың мерзімі тағы бес жылға ұзарады. Келісімде нақты қанша тонна мұнай не мұнай өнімі жеткізілетіні емес, екі ел арасындағы сауданың шарттары көрсетілген.
Отырыс кезінде депутат Марат Себасов Ресейден мұнай өнімдерін бажсыз әкелудің Қазақстанға нақты қандай пайдасы барын сұрады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов келісімнің қаржылық тиімділігіне тоқталды.
"Мұндай келісім болмаған жағдайда қазіргі шарттарды сақтау қиынға соғар еді. Мұнай өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұру да маңызды. Осы келісім арқылы біз жылына 30 миллиард теңгеден астам қаражат үнемдейміз. Бұл екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың тұрақтылығына да ықпал етеді", – деді Ерлан Ақкенженов.
Қазақстан қазір мұнай өнімдеріне деген сұраныстың 90%-дан астамын өз өндірісі есебінен өтеп отыр. Бірақ авиациялық отын әлі де сырттан әкелінеді. Оның бір бөлігі Ресейден жеткізіледі.
"Біз жыл сайын авиациялық отынмен қамтамасыз етуде белгілі бір қиындықтарға тап боламыз. Қазір Ресей Федерациясынан шамамен 300 мың тонна авиациялық отын импорттаймыз. Осы келісім бізге Ресейден авиациялық отын әкелуге мүмкіндік береді", – деді министр.
Депутат Сергей Пономарев келісім 2024 жылы тоқтағанымен, хаттама неге екі жылға жуық уақыттан кейін ғана ратификацияланып жатқанын сұрады. Ол осы уақыт ішінде Қазақстанның кедендік баж төлеген-төлемегенін де нақтылады.
"Ратификацияның кешігуі мемлекетішілік рәсімдерге байланысты. Осы кезеңде елімізде, соның ішінде заң шығарушы органда да бірқатар өзгеріс болды, сондықтан рәсімдер ұзаққа созылды. Алайда хаттаманың кері күші қарастырылған. Сондықтан Қазақстан осы кезеңде бірде-бір кедендік баж төлеген жоқ", – деді Ақкенженов.
Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің мүшесі Вадим Басин келісімнің маусымдық кезеңдерде де маңызды екенін айтты. Егін егу мен жинау науқаны кезінде, сондай-ақ транзиттік тасымал көбейген тұста отынға сұраныс артады. Ресейден бажсыз жеткізілетін өнім осындай кезде ішкі нарықтағы тапшылықты жабуға мүмкіндік береді.
"Бажсыз жеткізілім қажетті көлемдегі отынды жедел алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл импортталатын мұнай өнімдерінің өзіндік құнын төмендетіп, ішкі нарықтағы бағаның ықтимал өсуін тежеуге жағдай жасайды. Осы арқылы инфляциялық тәуекелдерді де азайтуға болады", – деді Вадим Басин.
Басиннің айтуынша, Ресей хаттаманы ратификациялау үшін өз жағындағы рәсімдерді аяқтап қойған. Қазақстан тарапы да құжатты бекіту кезеңін аяқтап келеді. Құрылтай заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
