Қазақстан Теңіз мұнай кен орны бойынша үлесін 35%-ға дейін арттырмақ – Bloomberg
БАҚ-та Қазақстанның Теңіз мұнай кен орнын игеру туралы келісімді 2033 жылдан кейін де ұзартуға дайын екені туралы ақпарат тарады. Алайда инвесторларға қатаң қаржылық және операциялық талаптар қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Bloomberg мәліметінше, Қазақстан билігі жаңа келісім аясында 10 миллиард доллар көлемінде біржолғы төлем алуды, сондай-ақ жобадағы мемлекеттің қазіргі 20%-дық үлесін 35%-ға дейін арттыруды көздеп отыр.
Жобаның операторы – "Теңізшевройл" (ТШО) компаниясымен қолданыстағы келісімшартты ұзарту мүмкіндігі туралы келіссөздер әзірге бастапқы кезеңде.
Қазір ТШО-ның ең ірі акционері – 50%-дық үлесі бар америкалық Chevron корпорациясы. Тағы 25%-ы ExxonMobil компаниясына, 20%-ы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына, ал 5%-ы ресейлік "Лукойл" компаниясына тиесілі.
Айта кетейік, Теңіз кен орнын игеру туралы келісім 1993 жылы 40 жыл мерзімге жасалған. 2025 жылдың қыркүйегінде Chevron басшысы Майк Вирт Қазақстан үкіметімен келісімшартты 2033 жылдан кейін ұзарту бойынша ресми келіссөздердің басталғанын растады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан 56 мұнай-газ кен орнын аукционға шығаратыны туралы жазған едік.
