Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан 56 мұнай-газ кен орнын аукционға шығарады

Мұнай кен орны
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электронды аукцион өтеді. Тізімге мұнай мен газ қорлары бар 56 учаске енгізілген. Инвесторлар аталған учаскелерді игеру құқығы үшін электронды сауда-саттыққа қатысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аукцион 2026 жылдың 18 қарашасында электронды аукциондар операторының платформасында өтеді. Аукционға қатысуға өтінімді 5 қазанға дейін беруге болады.

Кен орындарының басым бөлігі Қазақстанның батыс өңірлерінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында орналасқан. Олардың қатарында ірі мұнай-газ активтеріне қатысты учаскелер де бар. Атап айтқанда, тізімге Қаражанбас мұнай және Тамдыкөл газ кен орындарының жекелеген учаскелері енгізілген. Бұл аумақтарға қатысты өзге жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтары әлі рәсімделмеген.

Кен орындарын игеру құқығы электронды аукцион қорытындысы бойынша беріледі.

Жарияланған тізімдегі деректерге сәйкес, жекелеген учаскелер бойынша ең төменгі инвестициялық міндеттемелердің көлемі әртүрлі. Негізгі шығындар геологиялық барлау жұмыстары мен барлау ұңғымаларын бұрғылауға бағытталады.

Жер қойнауын пайдаланушыларға қойылатын талаптардың қатарында отандық жабдықтар мен көрсетілетін қызметтердің үлесіне, сондай-ақ қызметкерлердің азаматтығына қойылатын талаптар белгіленген.

Жаңа учаскелерді аукционға шығару жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарттарды қайта қарауға байланысты.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдан бастап 2026 жылдың II тоқсанына дейін Қазақстанда міндеттемелерін жүйелі түрде орындамаған жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған 11 келісімшарт бұзылған. Мемлекетке қайтарылған учаскелер жаңа инвестициялар тарту мақсатында аукционға шығарылмақ.

Электронды сауда-саттық 2026 жылдың 18 қарашасында өтеді. Аукцион Астана уақытымен сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін ұйымдастырылады.

Әлеуетті жер қойнауын пайдаланушылардан өтінімдер 2026 жылдың 5 қазанына дейін, электронды аукциондар операторы арқылы қабылданады.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлдағы ірі зауыттардың бірі аукцион арқылы сатылатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 21 Қыркүйек, 2026 19:49