Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлдағы ірі зауыттардың бірі аукцион арқылы сатылмақ

зауыт аукцион
Фото: sauda.e-qazyna.kz

"Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы" АҚ "Петропавл ауыр машина жасау зауыты" АҚ-ның жай акцияларының 100%-ын сатылымға шығарды. Лот e-Qazyna электронды порталында жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Зауыттың бастапқы бағасы – 17,8 миллиард теңге. Сатылымға кәсіпорынның 58,7 миллион акциясының барлығы шығарылды. Электронды конкурс 22 қыркүйекте сағат 11:00-де өтеді. Әлеуетті сатып алушылардың өтінімдері 10:55-ке дейін қабылданады. Кепілдік жарнасының мөлшері шамамен 2,7 миллиард теңге.

зауыт аукцион (1)
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Бұл ретте әлеуетті инвестор үшін зауыттың қаржылық жағдайы маңызды факторлардың бірі. 2026 жылғы 28 тамыздағы жағдай бойынша зауыттың несиелік берешегі 31,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұл сатылымға шығарылған акциялар пакетінің бастапқы құнынан шамамен 1,8 есе көп.

Акцияларды сатып алушы бірқатар талаптарды орындауы тиіс. Атап айтқанда, кәсіпорынның бейінін және негізгі қызмет бағыттарын сақтап, инвестициялық міндеттемелерін орындауы, сондай-ақ жұмыс орындарының санын сақтауы немесе көбейтуі қажет. Сонымен қатар қызметкерлердің кемінде үштен екісі Қазақстан азаматтары болуы тиіс.

Петропавл ауыр машина жасау зауыты 1948 жылғы 5 қарашада құрылған. Кеңес дәуірінде кәсіпорын қорғаныс мақсатындағы өнімдер шығарған. 2003 жылы зауыт "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы" АҚ құрамына кірді.

Айым Болатқызы
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 08:23