Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстанда қазақстандық балалардың жаппай улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Ташкентте қазақстандық балалар уланып қалды
Фото: Видеодан скрин

Өзбекстан прокуратурасы Ташкент қаласында өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол турниріне қатысушылардың жаппай улануына байланысты тергеу бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Зардап шеккендердің арасында Қарағанды облысынан жарысқа барған қазақстандық жас спортшылар да бар.

Өзбекстан Бас прокуратурасының мәліметінше, оқиға 1 қарашада Ташкенттегі қонақүйлердің бірінде болған. Таңғы ас кезінде балалар мен оларды ертіп келген туыстары шала піскен жұмыртқа мен шұжық жеген. Осыдан кейін 13 адамның денсаулығы күрт нашарлап, олардан құсу, іш өту, іштің ауыруы және дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалған.

Зардап шеккендер жедел жәрдем бригадалары арқылы Республикалық мамандандырылған эпидемиология, микробиология, инфекциялық және паразиттік аурулар ғылыми-практикалық медициналық орталығына жеткізілген.

Аталған оқиғаға байланысты Шайхантахур ауданының прокуратурасы Өзбекстан қылмыстық кодексінің 276-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Аталған бап санитариялық заңнама талаптарын немесе індеттерге қарсы күрес қағидаларын бұзуға қатысты жауапкершілікті көздейді.

Қазір Шайхантахур ауданының Ішкі істер басқармасы жанындағы тергеу бөлімі алғашқы тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Ташкентке жарысқа барған 16 бала таңғы астан уланып, ауруханаға түскені туралы жазған едік.  

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 19:49