Қазақстанда баспана бағасы мен жалақы өсімін теңестіру ұсынылды
Қазақстанда баспана бағасы халық табысымен қатар өсуі үшін тұрғын үйді ұзақ мерзімге қаржыландырудың жаңа тетіктері әзірленуі мүмкін. Отбасы банк бұл мәселені құрылыс саласының өкілдерімен бірге талқылауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазір клиенттерді ең көп алаңдататын мәселенің бірі – баспана бағасы мен отбасы табысының арасындағы алшақтық.

Осы мәселені шешу үшін банк Қазақстан құрылысшылар қауымдастығымен және Құрылысшылар одағымен кездесіп, 2027–2028 жылдарға арналған ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін талқыламақ.
“Клиенттеріміздің ең жиі қоятын сұрағы – қазақстандық отбасы табысының өсуі мен тұрғын үй бағасының өсуі бір-біріне қаншалықты сәйкес келетіні. Біздің міндетіміз – осы екі көрсеткіштің арасындағы тепе-теңдікті сақтау”, – деді Ләззат Ибрагимова.
Бұл мәселе Астанада өткен “Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс – 2027: Қазақстан экономикасына жаңа мүмкіндіктер” атты сараптамалық талқылауда көтерілді. Жиында “Халықтық құрылыс” бастамасын жүзеге асырудың экономикалық, инвестициялық және салалық қырлары қаралды.
Еске салайық, 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялауды ұсынған еді.
Қазақстандық бір кездері бәліш сатып, бүгінде жасанды интеллект көмегімен миллиондаған табыс тауып отыр