Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбедегі Неке сарайында 26 жастағы қызды өлтіріп кетті

Ақтөбе Неке сарайы
Фото: gov.kz

Әлеуметтік желілерде Ақтөбедегі Неке сарайында 26 жастағы қыздың өлтірілгені туралы ақпарат тарады. Полиция ақпаратты растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің жеке басы анықталып ұсталған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Алдын ала болжам бойынша, күдікті мен марқұм бұрын бірге тұрған. Полицияның мәліметінше, екеуінің арасында ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты жанжал туындаған.

"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қылмыстың себептері мен себеп-салдарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – делінген полиция департаментінің хабарламасында. 

Куәгерлердің айтуынша, ғимарат маңында жүрген адамдар іштен шыққан айқай-шуды естіген. Оқиға санаулы минут ішінде болған. Полиция келген кезде қыз еденде қансырап жатқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Оқиғаның куәгерлері қайғылы жағдайға дейін марқұм мен оның бұрынғы жігіті арасында жанжал болғанын айтады. Олардың болжамынша, бұрынғы сүйіктісі марқұмның басқа адаммен қарым-қатынас орнатқанына наразы болған. Алайда аталған ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде әйелін өлтірген ер адам 8 жылға сотталғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 19:10