Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық компаниялардың акциясы соңғы 5 жылда қалай өзгерді

инвестиция
Фото: Pexels

Қазақстандық компаниялардың акцияларына бес жыл бұрын 100 мың теңге салған адамның ақшасы бүгінде бірнеше есе өсуі де, азаюы да мүмкін. Мысалы, “Центр Кредит Банкі” акциясына салынған қаражат 1,6 миллион теңгеден асар еді. Ал KEGOC пен Air Astana акцияларына инвестиция салған адамның қаражаты бастапқы сомадан аз болар еді. Қазақстан қор нарығында соңғы жылдары түрлі өзгеріс болды. Бір компаниялардың акциялары айтарлықтай қымбаттаса, енді бірінің бағасы төмендеді. Stan.kz қазақстандық ірі компаниялардың акцияларын салыстырып, 100 мың теңге салған адамның қаражаты қаншаға өзгеретінін есептеп көрді.

 

Қазақстандық компаниялар аймақтың ірі ойыншыларына айналды

Қазақстандық компаниялар аймақтағы ірі бизнес рейтингінде де алдыңғы қатарда. 2026 жылғы қазандағы дерек бойынша, Орталық Азиядағы нарықтық құны ең жоғары 20 компанияның 13-і Қазақстанға тиесілі. Оның үстіне алғашқы жеті орынның барлығын қазақстандық бизнес иеленген. Тізімнің басында “ҚазМұнайГаз” (48,44 миллиард доллар), Kaspi.kz (18,22 миллиард доллар) және “Қазатомөнеркәсіп” (16,4 миллиард доллар) тұр. Олардың қатарында Halyk Bank, Freedom, ForteBank, “Центр Кредит Банкі”, Kcell және “Қазақтелеком” сияқты қаржы мен технология саласының өкілдері де бар. Бұл Қазақстан бизнесінің тек мұнай-газ саласымен шектелмейтінін көрсетеді. Банк, финтех, телекоммуникация және технология компаниялары да аймақтағы ірі ойыншыларға айналып келеді.

Алайда компанияның нарықтық құны жоғары болуы оның акциясына ақша салған инвестордың да табыс тапқанын білдірмейді. Мұны түсіну үшін қазақстандық компаниялардың акция бағасы соңғы бес жылда қалай өзгергенін және 2021 жылы салынған 100 мың теңге бүгінде қаншаға айналатынын есептеп көрдік.

 

Қазақстандық компаниялардың акциялары қалай өзгерді?

Салыстыру үшін 2021 жылғы 29 қазандағы және 2026 жылғы 30 қазандағы акция бағалары алынды. Бастапқы бағалар Қазақстан қор биржасының 2021 жылғы қазан айындағы есебіне, ал соңғы бағалар 2026 жылғы 30 қазандағы KASE индексінің көрсеткіштеріне негізделді.

2021 жылы биржада “Центр Кредит Банкі”, Halyk Bank, Kcell, “Қазатомөнеркәсіп”, “ҚазТрансОйл”, KEGOC және Kaspi.kz акциялары саудаланды. Ал “ҚазМұнайГаз” бен Air Astana биржаға кейін шықты. KASE дерегіне сәйкес, “ҚазМұнайГаз” акцияларының IPO арқылы орналастырылған күні – 2022 жылғы 7 желтоқсан. Компания акцияларының қайталама саудасы биржада 8 желтоқсанда басталды. Ал Air Astana акцияларының IPO күні – 2024 жылғы 14 ақпан, KASE-дегі шартсыз саудасы 15 ақпанда ашылды.

Сондықтан бұл екі компанияның нәтижесі бес жылдық кезеңмен емес, IPO кезінде орналастырылған бағадан бастап есептелді.

*Қор нарығы – компания акциялары сатылатын нарық.

*IPO – компания акцияларын биржада алғаш рет сатуы.

100 мың теңге салған адамның ақшасы қанша болар еді?

Есептеу кезінде әр компанияның акциясы бастапқы бағамен 100 мың теңгеге сатып алынды. Тек бүтін акциялар есепке алынды. Акция сатып алғаннан кейін қалған ақша сол күйі сақталды деп алынды.

кесте

Ескерту: есепте акция сатып алуға жұмсалған қаражат, қалған ақша және акциялардың 2026 жылғы 30 қазандағы бағасы ескерілді. Дивидендтер, брокерлік комиссиялар (акция сатып алу немесе сату үшін брокерге төленетін ақы) мен салықтар есепке алынбаған. ҚМГ мен Air Astana бойынша бастапқы баға ретінде IPO бағасы қолданылды.

Акциясы ең көп қымбаттаған компаниялар

  1. Есеп бойынша ең жоғары өсім “Центр Кредит Банкі” акцияларында байқалады. 2021 жылғы 29 қазанда бір акция 332 теңге болса, 2026 жылғы 30 қазандағы соңғы бағасы 5 413,73 теңгеге жетті. Осыдан бес жыл бұрын 100 мың теңгеге 301 акция сатып алуға болатын еді. Осылайша, бастапқы 100 мың теңге шамамен 1,63 миллион теңгеге жетіп, жалпы сома бастапқы қаражаттан 16,3 есе көп болар еді. 
  2. “ҚазМұнайГаз” акциялары да айтарлықтай өсті. Компания 2022 жылғы желтоқсанда IPO өткізіп, бір акциясын 8 406 теңгеден орналастырды. 2026 жылғы 30 қазандағы баға 36 052,80 теңге болды. Осылайша, IPO кезінде 100 мың теңге салған адам 11 акция сатып алар еді. Қалған ақшаны қосқанда, оның қаражаты шамамен 404 мың теңгеге жетер еді.
  3. Halyk Bank акциялары да қымбаттады. 2021 жылы бір акция 197,51 теңге болса, 2026 жылғы 30 қазанда 371,87 теңге болды. 100 мың теңгеге сатып алынған 506 акцияның қазіргі құны мен қалған ақшаны қосқанда, жалпы қаражат 188 мың теңгеден асар еді.
  4. Kcell акцияларының бағасы да өсті. 2021 жылы бір акция 1 751,11 теңге тұрса, қазір 3 142 теңге. Бастапқы 100 мың теңге шамамен 179 мың теңгеге айналар еді.
  5. “Қазатомөнеркәсіп” акцияларының бағасы 18 840 теңгеден 28 929,99 теңгеге дейін көтерілді.
  6. Ал “ҚазТрансОйл” акциялары 1 095,70 теңгеден 1 387,98 теңгеге дейін өсті. Бұл екі компанияға салынған 100 мың теңге тиісінше шамамен 150 мың және 126 мың теңге болар еді.

Акциясы арзандаған компаниялар

Барлық компанияның акциясы қымбаттаған жоқ. Кейбірінің бағасы бастапқы көрсеткіштен төмендеді.

  1. Мысалы, Kaspi.kz акциясының бағасы 2021 жылғы қазанда 61 мың теңге болса, 2026 жылғы 30 қазанда 42 647,90 теңге болды. Бір акция сатып алған адамда қалған 39 мың теңгені қоссақ, жалпы қаражаты шамамен 81,6 мың теңге болар еді.
  2. KEGOC акцияларының бағасы да төмендеді. 2021 жылы бір акция 1 895 теңге тұрса, қазір 1 448,99 теңге. 100 мың теңгеге сатып алынған 52 акцияның қазіргі құны мен қалған ақшаны қосқанда, жалпы қаражат шамамен 76,8 мың теңге болар еді.
  3. Air Astana акциялары бойынша да осындай жағдай байқалады. Компанияның IPO кезіндегі бір акциясының бағасы 1 073,83 теңге болды. 2026 жылғы 30 қазандағы соңғы баға – 687,41 теңге. IPO кезінде 100 мың теңге салған адам 93 акция сатып алар еді. Қалған ақшаны қосқанда, оның жалпы қаражаты шамамен 64 мың теңге болар еді. Айта кетейік, Air Astana мен ҚМГ бойынша есеп бес жылдық нәтижені көрсетпейді. Себебі бұл компаниялардың акциялары биржаға 2021 жылдан кейін шыққан.

Акция бағасынан бөлек дивиденд те маңызды

Акция сатып алған инвестордың табысы тек оның бағасының өсуіне байланысты емес. Компания акционерлеріне дивиденд төлесе, инвестор қосымша қаражат ала алады.

*Дивиденд – компания пайдасының акционерлерге бөлінетін бөлігі. Оның көлемі мен төлену мерзімі компанияның қаржылық нәтижесіне және акционерлердің шешіміне байланысты. Сондықтан барлық компания жыл сайын бірдей мөлшерде дивиденд төлейді деуге болмайды. Дивиденд алу үшін инвестор компания белгілеген есепке алу күні акционерлер тізімінде болуы керек.

Мысалы, “ҚазМұнайГаз” 2025 жылдың қорытындысы бойынша бір акцияға 573,66 теңге дивиденд төледі. KEGOC та акционерлеріне тұрақты түрде дивиденд беріп келеді. Компанияның 2026 жылғы бірінші жартыжылдық үшін бір акцияға 81,25 теңге төлеу туралы шешімі қабылданды.

Air Astana да 2024 жылдың қорытындысы бойынша бір акцияға 17,7 теңге негізгі және 36 теңге арнайы дивиденд төлеуді ұсынған. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша бір акцияға 9,92 теңге дивиденд төледі.

Дегенмен біз негізгі есепке дивидендтерді қоспадық.Кестеде тек акция бағасының өзгерісі көрсетілген.

Акция ма, депозит пе?

Акция мен банктік депозиттің айырмашылығы – табыс пен тәуекел деңгейінде. Депозитте сыйақы мөлшерлемесі келісімшартта алдын ала көрсетіледі. Ал акцияның бағасы нарықтағы жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Акция сатып алған адам жоғары табыс табуы мүмкін. Бірақ оның бағасы төмендесе, бастапқы қаражатының бір бөлігін жоғалту қаупі бар. Депозиттің табысы әдетте алдын ала белгілі болғанымен, инфляция ақшаның сатып алу қабілетіне әсер етеді. Сондықтан акция мен депозитті салыстырғанда тек пайыздық табысқа емес, инвестиция (ақша салып, табыс табуға әрекет жасау) мерзіміне, инфляцияға, тәуекелге және қосымша шығындарға назар аудару керек.

Акция сатып алмас бұрын нені ескеру керек?

Акция сатып алмас бұрын компанияның атағына немесе бұрынғы табысына ғана сүйенуге болмайды. Оның қаржылық жағдайын, табысын, қарыз көлемін және даму жоспарын зерттеген жөн.

Инвестиция жасағанда мына жайттарды ескерген маңызды:

  • Тәуекел деңгейі. Акция бағасы өсуі де, төмендеуі де мүмкін. Сондықтан жоғалтуға дайын емес ақшаны инвестицияға салмаған дұрыс.
  • Инвестиция мерзімі. Акция қысқа уақытта пайда әкелмеуі мүмкін. Кейбір инвестицияның нәтижесі бірнеше жылдан кейін байқалады.
  • Дивиденд саясаты. Компанияның бұрын дивиденд төлегені болашақта да міндетті түрде төлейтінін білдірмейді.
  • Комиссия мен салық. Акция сатып алу және сату кезінде қосымша шығындар болуы мүмкін.
  • Қаражатты бөлу. Барлық ақшаны бір компанияның акциясына салмай, бірнеше инвестициялық құралға бөлген жөн.

Бұл есеп акция бағасының өткен кезеңде қалай өзгергенін көрсетеді, бірақ болашақтағы табысқа кепілдік бермейді. Инвестиция жасағанда акция бағасымен қатар компанияның қаржылық жағдайын, дивиденд саясатын және ықтимал тәуекелдерді де ескерген жөн.

Айта кетейік, бұған дейін Құлыбаевтардың холдингі биыл бірінші жартыжылдық үшін 200 миллиард теңге дивиденд төлейтіні хабарланған.

 

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 12:02