Акция, депозит және инвестор сенімі: Уолл-стрит сарапшылары нарық болашағын талдады

Қазақстандық журналистер Уолл-стриттің жүрегі саналатын Нью-Йорк қор биржасын аралаған соң Freedom Capital Markets кеңсесінде америкалық сарапшылармен кездесті. Әңгіме барысында АҚШ қор нарығының қазіргі ахуалы, инвесторлардың шешім қабылдау логикасы, депозит пен инвестицияның айырмашылығы және жасанды интеллектінің қаржы секторына әсері сөз болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Freedom Capital Markets-тің бас нарық стратегі Джей Вудс пен зерттеу бағытының жетекшісі Эдвард Магуайердің айтуынша, технологиялық серпіліс пен жасанды интеллект дәуірінде де нарықтың басты капиталы – сенім. Инвестор үшін ақпараттың ашықтығы, тәуекелді түсіну және ұзақ мерзімді көзқарас бұрынғысынша маңызды болып қала береді дейді олар.
Cенімсіз нарық болмайды
Эдвард Магуайердің пікірінше, қаржы нарығының дамуы тек технологиялық шешімдерге байланысты емес. Инвестор саны артқан сайын нарықтағы түсіндіру жұмысы да күшеюі қажет дейді ол.
“Инвестор нарыққа сеніммен кіруі үшін ақпарат ашық болуы керек. Компания не істейді, табысы қандай, тәуекелі неде, реттеу қалай жүреді? Осының бәрі түсінікті тілмен айтылуы қажет. Нарықтың дамуы тек технологияға емес, сенімге де байланысты”, – деді ол.
Сарапшы АҚШ қор нарығында ашықтыққа ерекше мән берілетінін айтты. Оның сөзінше, биржадағы компаниялар табысы мен қаржылық көрсеткіштері туралы тұрақты түрде ақпарат беріп отырады. Бұл инвесторларға компанияның жағдайын бағалап, саналы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Freedom экожүйесі халықаралық нарыққа қалай шығады?
Кездесуде Freedom Holding-тің Қазақстандағы экожүйелік моделі де талқыланды. Компания банк, брокерлік қызмет, сақтандыру, төлем жүйелері және цифрлық сервистерді бір жүйеге біріктіріп келеді.
Спикерлердің айтуынша, мұндай модель клиентті бір ғана өніммен шектемей, қаржы құралдарының толық спектрін пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Нью-Йорктегі кеңсенің рөліне тоқталған сарапшылар оны халықаралық нарықпен байланыс орнататын маңызды алаң ретінде сипаттады.
Сарапшылардың айтуынша, Нью-Йорктегі кеңсе компанияға халықаралық инвесторлармен жұмыс істеуге, қор нарығындағы үрдістерді жақыннан бақылауға және әлемдік қаржы қауымдастығымен тікелей байланыс орнатуға жол ашады.
Салымшы үшін ең маңыздысы не?
Кездесу барысында Қазақстандағы депозит мәдениеті де сөз болды. Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтардың басым бөлігі үшін депозит әлі де ең түсінікті қаржы құралы саналады.
Қазақстанда теңгелік депозиттердің жылдық кірістілігі 15-18%-ға дейін жетуі мүмкін болса, долларлық салымдардың табыстылығы көбіне 1% шамасында ғана.
Алайда мамандар инвестициялық шешім қабылдағанда тек пайыздық мөлшерлемеге сүйенуге болмайтынын айтты. Олардың пікірінше, валюта бағамы, инфляция, адамның табыс валютасы, шығын құрылымы және қаржылық мақсаты қатар ескерілуі тиіс.
“Егер адам ақшасын қысқа мерзімге сақтағысы келсе, депозит түсінікті құрал болуы мүмкін. Ал ұзақ мерзімге капитал жинауды көздесе, қор нарығындағы құралдарды да қарастыруы қажет”, – дейді сарапшылар.
“Депозит тыныштық береді, акция мүмкіндік береді”
Freedom Capital Markets-тің бас нарық стратегі Джей Вудс депозит пен қор нарығының айырмашылығын тәуекел тұрғысынан түсіндірді.
“Депозит тұрақтылық береді. Ал акция – тәуекел мен мүмкіндік. Екеуін бір-біріне қарсы қою міндетті емес. Инвестор өз мақсатына қарай әр құралдың орнын түсінуі керек”, – деді ол.
Оның сөзінше, акция бағасы күн сайын өзгеруі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада инвестор компанияның нақты бизнесіне, кірісіне, қарыз жүктемесіне және даму әлеуетіне назар аударуы тиіс.
Соғыс, инфляция және рекордтық нарық
Әлемдегі әскери қақтығыстар мен инфляцияға қатысты алаңдаушылыққа қарамастан, АҚШ қор нарығы өсім көрсетіп отыр. Джей Вудстың айтуынша, бүгінде S&P 500 индексі тарихи максимумдарға жақындаған.
“Инвесторлар соғыс туралы жаңалықтарды бақылап отырғанымен, компаниялардың табысына, технология секторына және жасанды интеллектке байланысты мүмкіндіктерге негізгі назар аударып отыр”, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, S&P 500 индексіндегі ең ірі компаниялардың басым бөлігі технологиялық секторға тиесілі. Сондықтан жасанды интеллект инфрақұрылымына, дата-орталықтарға және жаңа технологияларға бағытталған инвестициялар нарық өсімінің маңызды факторына айналып отыр.
Биржа тәулігіне 23 сағат жұмыс істеуі мүмкін
Әңгіме барысында Нью-Йорк қор биржасының сауда уақытын ұзарту жоспары да талқыланды. NYSE тәулігіне 23 сағат, аптасына бес күн жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда Джей Вудс мұндай бастаманы қолдамайтынын айтты.
“Нарыққа да демалыс керек. Егер сауда тәулік бойы жүрсе, өтімділік азайып, құбылмалылық артуы мүмкін”, – деді ол.
Оның пікірінше, түнгі уақытта маңызды жаңалықтардың жариялануы акция бағасының шамадан тыс ауытқуына алып келуі ықтимал.
Жасанды интеллект аналитиктерді алмастыра ала ма?
Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі жасанды интеллект болды. Джей Вудстың айтуынша, жасанды интеллект зерттеу жұмыстарын жеңілдетіп, деректерді өңдеуге көмектескенімен, әзірге адамды толық алмастыра алмайды.
Эдвард Магуайердің айтуынша, инвесторлар аналитиктен жай мәлімет емес, компанияның жағдайы мен нарықтағы үрдістерге қатысты кәсіби талдау күтеді.
“Компанияның жағдайын, басшылықтың көңіл-күйін және нарықтағы ахуалды бағалауда адам факторы маңызды болып қала береді”, – деді сарапшы.
Оған қоса сарапшылар жасанды интеллект дәуірінде деректер қауіпсіздігі мәселесі де өзекті болып отырғанын айтты.
Эдвард Магуайердің айтуынша, жасанды интеллект жүйелері интернеттегі үлкен көлемдегі ақпаратты пайдаланады. Сондықтан алдағы уақытта авторлық құқық, деректер қауіпсіздігі және ақпаратты пайдалану тәртібіне қатысты мәселелер өзекті бола түсуі мүмкін.
Оның сөзінше, АҚШ-та медициналық және қаржылық деректер қатаң қорғалғанымен, басқа салаларда реттеу Еуропамен салыстырғанда әлдеқайда әлсіз.
Инвестор үшін ең маңыздысы не?
Кездесудің қорытындысы ретінде сарапшылар бір ойды бірнеше рет қайталады. Нарықтағы табыс технологиядан бұрын сенімге, ақпаратты түсінуге және тәртіпке байланысты дейді олар.
“Технология өзгереді, Жасанды интеллект дамиды, нарық құбылады. Бірақ сенім мен түсінік инвестицияның негізі болып қала береді”, – деген пікір ортақ тұжырымға айналды.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр