Құлыбаевтардың холдингі биыл бірінші жартыжылдық үшін 200 млрд теңге дивиденд төлейді
“Алмэкс” холдингтік тобы” АҚ 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жай акциялар бойынша дивиденд төлеуге 203,21 миллиард теңге бөледі. Тиісті шешім қаржы есебі депозитарийінде жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дивиденд компанияның 2026 жылдың алғашқы алты айында алған таза табысынан төленеді.

“Компанияның 2026 жылдың алғашқы алты айындағы 203 209 609 500 теңге көлеміндегі таза табысын жай акциялар бойынша дивиденд төлеуге бөлу туралы шешім қабылданды”, – делінген есепте.
Бір жай акцияға төленетін дивиденд мөлшері 8940,15 теңге.
Дивидендті алушы – холдингтің жалғыз акционері саналатын “Алмэкс” холдингтік тобы”. Қаражат банк шотына ақша түрінде аударылады.
Айта кетейік, 2026 жылдың мамырында “Алмэкс” холдингі 2023, 2024 және 2025 жылдар үшін жай акциялар бойынша бірден 462,3 миллиард теңге дивиденд төлеу туралы шешім қабылдаған еді.
Динара және Тимур Құлыбаевтар Forbes Kazakhstan-ның 2026 жылы мамырдағы бағалауы бойынша Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері рейтингінде үшінші орында тұр. Олардың жалпы байлығы 5,4 миллиард доллар деп бағаланған.
Құлыбаевтар “Алмэкс” арқылы Halyk Bank акцияларының бір бөлігіне иелік етеді. 2026 жылы 1 сәуірдегі жағдай бойынша холдингке банктің 61,99% акциясы тиесілі болған. Оның ішінде қаржы институтындағы 35,09% үлес номиналды ұстаушыға тиесілі.
2026 жылдың наурызында “Алмэкс” бағалы қағаздар нарығында трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия алған.
Айта кетейік, бұған дейін Құлыбаевтар “АЛМЭКС” холдингінен жарты триллион теңгеге жуық дивиденд алатыны туралы жазған едік.