Футболшы матч кезінде қақпашымен соқтығысып, көз жұмды
Испанияның "Тенерифе" клубының шабуылшысы Хесус де Мигель матч кезінде қарсылас команданың қақпашысымен соқтығысып, ауыр жарақаттан көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Сhampionat.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
30 жастағы футболшы 3 қараша күні таңғы сағат 08:00-де ауруханада қайтыс болған. Дәрігерлер оны құтқарып қала алмады.
Қайғылы оқиға "Тенерифе" мен "Андорра" командалары арасындағы Сегунда чемпионатының 12-туры кезінде болған. Кездесудің негізгі уақыты аяқталып, есеп 2:2 болып тұрған. Қосымша уақытта де Мигель қарсылас қақпасына қарай ұмтылған сәтте "Андорра" қақпашысы Хесус Овоно қақпадан шығып, допты қағып жібермек болған. Алайда ол тізесімен шабуылшының кеуде тұсына соққы жасаған.
Де Мигель бірден жерге құлап, орнынан тұра алмаған. Екі команданың ойыншылары дәрігерлерді шақырған. Медицина қызметкерлері футболшыға алаңда алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем көлігіне жеткізген. Сол жерде оның жүрегі мен тынысы тоқтап қалған. Дәрігерлер реанимациялық шаралар арқылы жүрек соғысын қалпына келтіріп, футболшыны ауруханаға жеткізгенімен, аман алып қалу мүмкін болмады.
Оқиғадан кейін қақпашы Хесус Овоно тікелей қызыл қағаз алған. Алайда төреші ойыншылардың кездесуді жалғастыруға жағдайы жоқ екенін ескеріп, матчты мерзімінен бұрын тоқтатқан.
"Тенерифе" клубы футболшының қазасына байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ "Андорра", "Реал", "Барселона", "Атлетико" және басқа да клубтар марқұмның жақындарына қолдау білдірді.
Әзірге футболшының өлімінің нақты себебі ресми түрде жарияланған жоқ. Сараптама нәтижелері де белгісіз.
Ал қақпашы Хесус Овоно бұл жағдайды ауыр қабылдап жатқаны хабарланды. Испаниялық журналистердің мәліметінше, ол Instagram парақшасын уақытша жауып, алдымен марқұмның отбасынан жеке кешірім сұрағысы келеді.
Хесус де Мигельдің отбасы көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, осы ауыр кезеңде жеке өміріне құрметпен қарауды сұраған.
Хесус де Мигель – мадридтік футболшы, "Леганес" клубының түлегі. Мансабының 10 жылға жуық уақытын төменгі дивизиондарда өткізген. Ол "Навалькарнеро" және Саламанка қаласының "Унионистас" командаларында ойнады. Нағыз жетістікке "Кастельон" клубында жетті. 2023/2024 жылғы маусымда 16 гол соғып, командасымен бірге екінші дивизионға жолдама алды.
2025 жылдың жазында Хесус үшінші дивизионға жаңадан түсіп қалған "Тенерифе" клубымен үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Ол бірден команданың көшбасшысына айналды. Алғашқы бес турда алты гол соғып, үш нәтижелі пас берді. Кейін Испания чемпионатында айдың үздік ойыншысы атанды. Маусым қорытындысы бойынша клуб қайтадан Сегундаға көтерілді. Хесус соңғы матчтарын осы дивизионда өткізді.
Испания футболында мұндай қайғылы жағдайлар, бақытымызға орай, сирек кездеседі. Ең белгілі оқиғалардың бірі – Антонио Пуэртаның қазасы. 2007 жылдың тамызында 22 жастағы "Севилья" жартылай қорғаушысы "Хетафеге" қарсы матч кезінде есінен танып, үш күннен кейін ауруханада көз жұмды. Алайда ол кезде футболшының өліміне соқтығыс емес, жүрек ауруы себеп болған.
Бұған дейін, Ақмола облысының Атбасар қаласында футбол матчы кезінде 58 жастағы ойыншының жағдайы күрт нашарлап, көз жұмған еді. Ведомствоның мәліметінше, марқұм 1968 жылы туған Астана тұрғыны болған.
