Қазақстанда ең жиі кездесетін жалақы 200 мың теңгеге де жетпейді
2026 жылы елде ең көп таралған айлық жалақы 187 006 теңге. Алайда бұл көрсеткіш өңірлер мен экономиканың әр саласында әртүрлі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл – елдегі жұмысшылардың арасында ең көп таралған айлық табыс. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір жылда модальды жалақы 61,13%-ға өскен.

Модальды жалақы дегеніміз – қызметкерлердің ең көп бөлігі алатын жалақы мөлшері. Бұл көрсеткіш орташа жалақыдан өзгеше. Орташа жалақы барлық қызметкердің табысын қосып, олардың санына бөлу арқылы есептеледі. Ал модальды жалақы – жұмысшылар арасында ең жиі кездесетін нақты сома.
Айта кетейік, бұл көрсеткішті есептегенде шағын кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысы ескерілмеген.
Қай өңірде жалақы жоғары?
Өңірлер арасындағы көрсеткіштерді салыстырғанда, ең жоғары модальды жалақы Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Мұнда ең жиі кездесетін айлық табыс 310 367 теңгені құрады.
Екінші орында – Атырау облысы. Өңірдегі модальды жалақы 308 837 теңге болған. Ал үздік үштікке 297 604 теңгемен Алматы қаласы енді.
Астанада бұл көрсеткіш 248 825 теңге болса, Шымкентте 197 253 теңге.
Ең төмен модальды жалақы Қарағанды облысында тіркелді. Мұнда ең жиі кездесетін айлық табыс небәрі 106 696 теңге болған.

Қай салада ең көп жалақы алады?
Экономика салалары бойынша ең жоғары модальды жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде тіркелген. Бұл салада ең жиі кездесетін айлық табыс 497 794 теңге.
Одан кейін тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласы тұр. Мұнда модальды жалақы 397 069 теңге болған. Ал көлік және қойма қызметінде бұл көрсеткіш 396 496 теңгеге жеткен.
Ең төмен модальды жалақы білім беру саласында тіркелді. Бұл сала қызметкерлерінің арасында ең жиі кездесетін айлық табыс 114 006 теңге болған.

Орташа жалақы қанша?
Салыстыру үшін айта кетейік, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486 388 теңге болды. Бұл модальды жалақыдан екі еседен астам жоғары.
Бұған дейін қазақстандықтардың әр бесіншісі айына 200–300 мың теңге аралығында табыс табатыны белгілі болған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жұмыс істейтін зейнеткерлерге ең жоғары жалақы қайда төленетіні белгілі болған еді. 65 жастан асқан азаматтар мемлекеттік мекемелерге қарағанда жеке компанияларда көбірек жалақы алады. Ал ең жоғары табыс шетелдік кәсіпорындарда тіркелген. Мұндай ұйымдарда жұмыс істейтін зейнеткерлердің орташа айлығы 477 мың теңгеден асады.
Алматы әкімдігі автобус парктеріне 15 миллиард теңгеден астам қарыз: Автобустар қысқара ма