Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған "Байсат" базары миллиардтаған теңгеге сатылды
Алматыдағы бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған "Байсат" базары электронды аукционда 24,77 миллиард теңгеге сатылды. Нысанды бастапқы бағамен жалғыз қатысушы сатып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыдағы бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған "Байсат" базары электронды сауда арқылы 24,77 миллиард теңгеге сатылды. Бұл сома нысанның бағалау құнынан шамамен 13%-ға төмен.
Сауда-саттық 7 тамызда Sauda порталында өтті. Аукционға бір ғана қатысушы тіркеліп, базарды бастапқы бағамен — 24 772 753 285 теңгеге сатып алды. Сатып алушының аты-жөні әзірге жарияланған жоқ.

"Байсат" базарын сату әрекеті жарты жылдан астам уақытқа созылды. Осы аралықта нысан алты рет 24,7 миллиард теңгеден 28,6 миллиард теңгеге дейінгі бағамен аукционға шығарылғанымен, оған қатысушылар болмаған.
"Байсат" Алматыдағы Барахолка аумағындағы ірі сауда орындарының бірі. Мұнда негізінен үйге арналған тауарлар, ыдыс-аяқ, шаруашылық бұйымдары мен ойыншықтар сатылады. Базар Жетісу ауданындағы Солтүстік айналма тас жолы, 7-мекенжайында орналасқан.
Айта кетейік, нысан Қазақстанның тұңғыш президентінің жиені Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған. Активтің бір бөлігін ол мемлекетке өз еркімен қайтарса, қалған үлесі 2024 жылдың қаңтарында сот шешімімен мемлекет меншігіне өткен.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи қонақүйді күшпен басып алу әрекеті жүріп жатқанын мәлімдеп, оның артында "Ескі Қазақстанның сарқыншақтары" тұрғанын айтты. Оның сөзінше, бұрын Қайрат Сатыбалдыға қатысы болған нысан мемлекетке қайтарылғанымен, енді түрлі схемалар арқылы қайта бақылауға алынбақ. Депутат қонақүйдің нарықтық құны төмендетіліп бағаланғанын да сынға алды.