"Бәрі түсім секілді": Әлемді жаяу аралаған британдық саяхатшы 28 жылдан кейін үйіне оралды
Британдық саяхатшы Карл Бушби 28 жылға созылған жаяу сапарын аяқтап, туған қаласы Халлға оралды. Ол осы уақыт ішінде шамамен 50 мың шақырым жол жүріп, ақыры анасының үйіне жетті. Саяхатшыны туған-туыстары мен қала тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Карл үйінің алдына жақындаған сәтте сағыныш сезімін жасыра алмады.
“Үйге оралған қандай жақсы. Мұның бәрі өңімде болып жатқандай көрінеді”, – деді ол.
Бұрын десантшы болған Карл Бушби бұл сапарға 1998 жылдың қарашасында, 29 жасында аттанған. Оның басты мақсаты – Чилидің оңтүстігінен Ұлыбританиядағы туған қаласына дейін жаяу жету болған. Ол жолға шығарда өзіне екі қатаң талап қойыпты: сапары аяқталғанша Ұлыбританияға оралмау және ешқандай көлікке отырмау.
Қазір 57 жастағы саяхатшы туған жері – Халл қаласына оралды. Оны қарсы алу үшін қала орталығына жиналған жұрт соңғы бірнеше шақырымды бірге жүріп өтті.
Қарсы алушылардың арасында қала мэрі Мария Кауард та болды.
“Мұндай ерекше қарсы алуды бұрын-соңды көрмеппін. Керемет сезім! Бәріңізге рақмет”, – деді Карл.
Саяхатшы үйіне жақындаған сайын толқып, ойын жеткізуге сөз таппай қалған.
“Мұның бәрі өтірік сияқты. 28 жылға созылған сапарым аяқталды”, – деді ол.
Ал үйіне таяғанда бәрі бәз-баяғыдай екенін байқаған.
“Бәрі сондай таныс”, – деді саяхатшы.

Карлды он жыл бойы көрмеген анасы Анджела да ұлының оралғанына қатты қуанды.
“Оның үйге оралғаны қандай жақсы”, – деді анасы.
1 қараша күні Карл Хамбер көпірінен өтіп, Шығыс Йоркширге жеткенде оны 36 жастағы ұлы Адам, бұрын-соңды жүзін көрмеген 12 жастағы немересі, әкесі мен бауырлары қарсы алды.
“Бұл керемет кездесу болды”, – деді ол отбасымен қауышқан сәтте.
“Саяхатшы” өмірінен кейінгі жаңа кезең
Карл Бушби ұзақ сапардан кейін қалыпты өмірге оралу оңай болмайтынын айтты. Енді оны алдағы күндері мен апталарында жаңа өмір күтіп тұр.
“Өмірімнің жартысын саяхатпен өткіздім. Өзімді үнемі жол үстінде жүретін, жаңа оқиғаларға құмар адам ретінде танимын. Енді сапар аяқталған соң өмірімді қалай жалғастыратынымды, өзімді кім ретінде танитынымды білмеймін. Бұл – өзіндік бір дағдарыс”, – деді ол.
Саяхатшыны бала кезінен алыс сапарларға деген құштарлық жетелеген. Ал 1998 жылы ұзақ жолға шығуына отбасындағы жағдай да түрткі болған. Некесі бұзылған соң әйелі ұлымен бірге Солтүстік Ирландияға көшіп кеткен.
Карл Бушби сапарын Чилидің оңтүстігіндегі Пунта-Аренас қаласынан бастаған. Бастапқыда ол рюкзагын арқалап, Ұлыбританиядағы Халл қаласына дейінгі жолды шамамен 12 жылда жүріп өтемін деп жоспарлаған. Алайда жолдағы кедергілер, күтпеген жағдайлар мен коронавирус пандемиясы сапарды бірнеше рет кейінге шегерді.
Осы жылдар ішінде ол 29 елді басып өтіп, 48 мың шақырымнан астам жол жүрген. Кей мемлекеттердегі виза шектеуіне байланысты бір елде ұзақ уақыт тұрақтай алмаған.
Саяхатшының бағыты үнемі бір бағытта алға жылжудан тұрмаған. Мәселен, өмір сүру құны салыстырмалы түрде арзан болғандықтан, ол Мексикаға бірнеше рет оралып, коронавирус пандемиясын да сонда өткізген. Сонымен қатар демеушілері тұратын АҚШ-қа да ара-тұра барып тұрған.
Дегенмен әр үзілістен кейін Карл сапарын тоқтатқан жерінен қайта жалғастырған. Демек ол алдыңғы жүрген жолын көлікпен басып өтіп, уақыт үнемдеуге тырыспаған. Осылайша 28 жылға созылған жаяу сапары ақыры туған үйінің табалдырығында аяқталды.
Қазақстандық бір кездері бәліш сатып, бүгінде жасанды интеллект көмегімен миллиондаған табыс тауып отыр