Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәслихаттар заң әзірлеу жұмысына тартылады: Құрылтай жанынан жаңа кеңес құрылады

 

Маслихат
Фото: Stan.kz

Құрылтай Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру туралы қаулы қабылдады. Кеңес өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңа кеңес арқылы мәслихаттар заң жобаларын әзірлеуге тұрақты қатысып, қабылданған заңдардың өңірлерде қалай орындалып жатқаны жөнінде кері байланыс бере алады. Сонымен қатар жергілікті жерлерде жиі кездесетін мәселелер жинақталып, оларды шешудің ортақ жолдары қарастырылады. Өңірлерде нәтиже көрсеткен тәжірибені басқа аймақтарға тарату да кеңестің міндеттерінің бірі болады.

Кеңес отырысы жарты жылда бір рет өтеді. Оның құрамына Құрылтай депутаттары, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының төрағалары кіреді. Қажет болған жағдайда нақты мәселелер бойынша бөлек жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

Өңірлермен тұрақты байланыс орнату үшін Құрылтайдың төрт депутатынан тұратын хатшылық та жасақталады. Әр депутатқа бес өңірден бекітіледі. Олар жергілікті жерлерден көтерілген мәселелерді жинап, кеңес қарауына шығаруға қатысады.

Брифингте Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы Әмірбек Оспанбеков кеңес жұмысына тек мәслихат төрағалары ғана емес, әр деңгейдегі депутаттарды да тарту жоспарланып отырғанын айтты.

"Кеңесте тек мәслихат төрағалары ғана емес, барлық деңгейдегі депутаттар өкілдік етуі керек. Алдағы уақытта облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарын өңірлік қағидат бойынша жұмысқа тарту мүмкіндігін қарастырамыз. Бұл жергілікті жердегі мәселелерді әр деңгейден көруге мүмкіндік береді. Қоғамдық кеңестермен біздің міндетіміз қайталанбайды, өйткені олардың өз заңмен белгіленген қызметі бар. Біздің негізгі бағытымыз – заң шығару жұмысы. Ал өңірлерден көтерілетін мәселелер осы кеңес аясында жинақталып, тиісті деңгейде қаралады", – деді Әмірбек Оспанбеков.

Кеңес құрамына қажет болған жағдайда сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары да тартылады. Осылайша жергілікті мәселелерді тек мәслихат деңгейінде қалдырмай, оларды заң шығару және орталық мемлекеттік органдармен жұмыс барысында көтеру көзделген.

Брифингте әкімдік пен мәслихат арасында өкілеттікке қатысты дау туындаса, жаңа кеңес мәслихаттың мүддесін қорғайтын жеке тетік бола ма деген сұрақ қойылды. Әмірбек Оспанбеков кеңестің міндеті екі тараптың бірін жақтау емес екенін айтты.

"Бұл жерде мәслихаттардың құқығын қорғау мәселесі тұрған жоқ. Өңірдегі мәселені тек мәслихаттың немесе әкімдіктің проблемасы деп бөле алмаймыз, ол – ортақ мәселе. Осындай жағдайларды кеңес алаңында бірге талқылап, диалог арқылы шешім іздеуге мүмкіндік бар. Барлық мәселе заң аясында шешілуі керек. Әкімдіктің де, мәслихаттың да өкілеті мен міндеттері заңда белгіленген", – деді Әмірбек Оспанбеков.

Құрылтай депутаты Илья Теренченко кеңестің жұмысына бюджеттен қосымша қаржы бөлінбейтінін айтты. Оның сөзінше, кеңес мүшелеріне бұл жұмыс үшін жеке жалақы немесе өзге төлем қарастырылмайды. Сондықтан жаңа кеңестің қызметі мемлекеттік бюджеттен қосымша шығынды талап етпейді.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 11:20