Көліктерін туыстарының атына рәсімдеген: Алматыда Asar Baspana қаржы пирамидасының басшылары сотталды
Алматыда Asar Baspana қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға қатысты сот үкімі шықты. Тергеу барысында олардың 90 мыңға жуық азаматтан 25 миллиард теңге қаражат тартқаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот материалдарына сәйкес, қаржы пирамидасын ұйымдастырған топ салымшыларға ай сайын 30%-ға дейін табыс түсетініне уәде еткен.

Салымшыларды қалай алдаған?
Ұйымдастырушылар азаматтарды тарту үшін компанияның түрлі бағытта жұмыс істеп жатқаны туралы ақпарат таратқан. Атап айтқанда, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын, тігін цехы, тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрғаны айтылған. Алайда тергеу барысында бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған. Өнімдер іс жүзінде өзге жеткізушілерден сатып алынып, "Asar Baspana" логотипімен таңбаланған.
2024 жылы желтоқсаннан бастап азаматтардың пирамидаға деген сенімі төмендей бастаған. Осыдан кейін ұйымдастырушылар автодүкендер ашылып, дилерлермен ынтымақтастық орнатқаны туралы ақпарат таратқан. Алайда іс жүзінде автокөліктер салымшылардың қаражатына сатып алынып, ұйымдастырушылардың туыстарының атына рәсімделген.
Ұйымдастырушылар қанша жылға сотталды?
Сот үкімімен негізгі ұйымдастырушы Туғанбаев Н.М. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы үш ұйымдастырушыға 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал он өңірлік жетекші 5 жылға шартты түрде сотталды.
Жәбірленушілердің шығыны өтеле ме?
Сот шешіміне сәйкес, жалпы құны 5,6 миллиард теңге болатын бұғатталған активтер жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге бағытталады. Мүліктің қалған бөлігі мемлекет кірісіне өткізіледі. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Asar Baspana қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ұсталғаны туралы жазған едік. Ал биыл ақпан айында өздеріне 90 мыңнан астам адамды тартып, 25 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған Asar Baspana қаржылық пирамидасының ісі сотқа жолданғаны айтылған.