Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбылда дәрігерлер қарт әйелдің жеке басын үш жылдан бері анықтай алмай отыр: Ол шаруашылықта жұмыс істеген

әйел аурухана науқас күтім
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Ольга Колесникова есімді қарт әйелдің соңғы үш жыл бойы ол Қордай орталық аудандық ауруханасының қосалқы бөлменің жатқаны туралы видео тарады. Видео авторының айтуынша, науқасқа палата берілмеген, күтім де жасалмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Halyqstan Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеода науқастың үш күннен бері айқайлап, көмек сұрап жатқаны туралы айтылды. Алайда оған құлақ асатын ешкім жоқ.

“Ол осындай жағдайда жатыр. Бұл – қосалқы бөлме. Тіпті Қордай ауруханасының палатасы деуге келмейді. Бейшара әйел көмекке шақырғанымен, дауысы ешкімге жетпейді. Қараңыздаршы, оған тіпті ешкім күтім жасамайды. Бұл әйелдің жағдайы өте ауыр, оған медициналық көмек қажет. Оның осы мекемеде жатқанына үш жыл болған екен. Оған ешкім қарамайды. Біз бұл ауруханада үшінші күн болып жатырмыз. Үш күннен бері ол айқайлап, көмек сұрап жатыр. Сұмдық. Атыңыз кім? Туыстарыңыз бар ма? Оның құлағы да естімейді, екі құлағы да естімейді”, – дейді авторы.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел құжатсыз күйде малдың қыстауынан жеткізілген.  Колесникованың өзі сол жерде тұрып, шаруашылық жұмыстарын атқарғанын айтқан. Денсаулығы нашарлаған кезде оны ауруханаға әкеліп, ғимараттың жанына тастап кеткен.

Видео авторының айтуынша, Ольга Павловнаның жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ. Оның азаматтығы мен бұрынғы тұрғылықты жері анықталмаған. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерден де ол туралы мәлімет табылмаған.

Үш жыл ішінде оның туыстарын анықтау мүмкін болмаған. Жақындарының ешқайсысы оның жағдайын білуге немесе оны алып кетуге ауруханаға жүгінбеген.

“Әйелді санитариялық көлікпен Тараз қаласындағы бейімдеу орталығына екі рет апарған. Алайда құжаттары мен денсаулық жағдайына байланысты орталық оны қабылдамаған”, – дейді басқарма өкілі.

Қоғамдық қордың көмегімен оны Алматыдағы орталықтардың біріне орналастырмақ болған. Онда да қабылдаудан бас тартқан.

Оны онкологиялық орталыққа жіберу мәселесі де қарастырылған. Алайда басқарма өкілдерінің түсіндіруінше, жеке басын куәландыратын құжаттары мен сәйкестендіру деректерінің болмауы қажетті құжаттарды рәсімдеуге кедергі келтіріп отыр.

Әлеуметтік қызметкерлер Қордай ауданының полициясына және Қырғызстанның тиісті органдарына жүгінген. Алайда осы уақытқа дейін оның құжаттарын қалпына келтіру мүмкін болмаған.

Қазір Ольга Павловна хирургиялық стационарда жатыр. Ведомствоның мәліметінше, оған тамақ беріліп, күтім көрсетіледі, жарақаттарына таңу жасалады және медициналық бақылауда болады.

Сонымен қатар басқарма "қажет болған жағдайда пациент арнайы бөлінген палатаға орналастырылады" деп хабарлады. Яғни, оның қосалқы бөлмеде жатқанын жоққа шығарды.

Осылайша, бұл мәселе бойынша видео авторының және денсаулық сақтау басқармасының нұсқалары бір-біріне сәйкес келмейді.

 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 08:59