Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полицияға қоңырау шалып, көмек сұраған": Қарағандыда күйеуімен жанжалдан кейін көз жұмған әйелдің туыстары тергеуге нарзылық білдірді

Динара Меңбаева
Фото: Марқұмның туыстарының жеке архивінен

Қарағандыда 28 жасында көз жұмған Динара Меңбаеваның туыстары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Қайғылы жағдайдан бір күн бұрын марқұм әйел анасынан өзін күйеуінен алып кетуін сұраған. Сол түні ол отбасындағы жанжалдан кейін полицияға хабарласқан. Ал таңертең әйелді асылып қалған күйде тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Марқұмның туыстары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді және істі жан-жақты тергеуді талап етіп отыр. Полиция барлық мән-жай тексеріліп жатқанын айтып, әзірге түпкілікті қорытынды жасауға ерте екенін мәлімдеген.

2025 жылдың 2 шілдесінде Динара анасына қоңырау шалып, күйеуінің өзіне қол көтергенін айтып, өзін алып кетуді сұраған. Ата-анасы қызын алып кетуге уәде берген. 

Сол түні ата-анасы Динараға да, оның күйеуіне де бірнеше рет қоңырау шалуға тырысқан. Алайда ешкім телефон тұтқасын көтермеген. Келесі күні ата-анасы қайғылы хабар алған. Динара үйінде асылып қалған күйде табылған.

Содан бері туыстары оның өмірінің соңғы сағаттарында не болғанын анықтауға тырысып келеді. Олар үшін бұл жай ғана отбасылық қайғы емес. Туыстары сол түні пәтерде не болғанын және көмек сұраған әйелдің өліміне не себеп болғанын білгісі келеді.

Динара 2020 жылы тұрмысқа шыққан. Екі жылдан кейін күйеуімен бірге Сарыағаштан Қарағандыға көшкен. Отбасында екі ұл дүниеге келген. Динараның әпкесі Әселдің айтуынша, бастапқыда ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасында ерекше жағдай байқалмаған. Алғаш рет күйеуі әйеліне 2024 жылы қол көтерген.

Кезекті жанжалдан кейін Динара әкесіне қоңырау шалып, өзін алып кетуін сұраған. Әкесі Шымкенттен Қарағандыға келген. Қызы әкесімен бірге кетіп, шамамен бір ай ата-анасының үйінде тұрған. Отбасы оның күйеуіне қайта барғанын қаламаған. Алайда ер адам өзі келген. Ол кешірім сұрап, енді әйеліне қол көтермейтінін айтып, уәде берген. Динара күйеуіне сеніп, отбасына қайта оралған.

2025 жылдың көктемінде Әсел сіңлісіне Қарағандыға барған. Сол кезде Динараны тағы да жылап отырған күйде көрген. Ол тағы да өзін алып кетуді сұраған.

Туыстары Динараның күйеуімен сөйлесіп, әйел тағы отбасында қалған. Қазір оның әпкесі сол кезде ерлі-зайыптылардың арасында нақты не болғанын білмегендерін айтады.

2026 жылдың 2 шілдесінде туыстарына қоңырау шалғаннан кейін Динара полицияға хабарласқан. Оның соңғы қоңырауының жазбасы дерекқорда сақталған. Әйел операторға дірілдеген дауыспен күйеуінің өзін ұрып жатқанын айтқан. Сонымен қатар аты-жөнін және мекенжайын хабарлаған.

Бұл деректі Қарағанды облысының полиция департаменті де жоққа шығармайды. Департамент мәліметінше, полиция қызметкерлері шақырту орнына барып, әйелдің күйеуін анықтау үшін полиция бөліміне жеткізген. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

Осыдан кейін не болғаны марқұмның туыстары үшін негізгі сұрақтардың бірі. Туыстары ер адамның үйге қайта келіп, жанжалдың жалғасқан болуы мүмкін екенін айтады. Полиция бұл нұсқаны растамады.

Ресми мәлімет бойынша, тексеруден кейін ер адам үйіне қайтпаған. Ол Абай қаласына барып, таңға дейін сонда болған. Полиция департаменті оның орналасқан жері анықталғанын және тергеу барысында расталғанын мәлімдеді. Ал таңертең Динараның мәйіті табылған.

Туыстары үшін тағы бір маңызды жайт бар. Әселдің айтуынша, Динараның күйеуі әйелдің таңғы сағат 09:00 шамасында асылып қалғанын айтқан. Алайда отбасы оның қайтыс болғанын түстен кейін ғана білген.

Марқұмның туыстары Динараны алғаш кім тапты, полиция мен жедел жәрдем неге бірден шақырылмады және бұл туралы неге отбасыға бірнеше сағаттан кейін ғана хабарланды деген сұрақтарға жауап алғысы келеді.

Полиция өлімнің барлық мән-жайы тексеріліп жатқанын мәлімдеді.

Отбасының күмәнін туғызған тағы бір жайт – Динараның денесінің жағдайы. Әселдің айтуынша, туыстары марқұмның беті, басы, мойны мен құлағы тұсынан ісік пен көгеруге ұқсас дақтарды байқаған. Алайда полиция департаменті марқұмның денесінен дене жарақаттары анықталмағанын хабарлады.

Қазір туыстары барлық материалдың тергеу барысында мұқият зерттелуін талап етіп отыр. Олар тергеуге фотосуреттерді, хабарламаларды және әңгімелердің бірінің аудиожазбасын ұсынуға дайын. Отбасы бұл материалдар Динараның өліміне дейін не болғанын анықтауға көмектеседі деп есептейді.

"Бұл оның ішкі істер органдарына алғаш рет жүгінуі болды. Бұған дейін оның күйеуіне қатысты арыздары немесе өтініштері түспеген. 2025 жылдың 3 шілдесінде Тәттімбет көшесіндегі пәтерлердің бірінен оның мәйіті табылды. Өлім дерегі бойынша "өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. БАҚ өкілдері мен әйелдің туыстарынан мерзімінен бұрын қорытынды жасамауды сұраймыз", – делінген полиция департаментінің хабарламасында. 

Еске салсақ, 2025 жылдың шілдесінде Қарағандыда мәйіті табылған 28 жастағы келіншектің отбасы оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтіні туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 21:34