Ауа сапасына қатысты шағымдардан кейін Атырау мұнай өңдеу зауыты тексерілді: Материалдар құқық қорғау органдарына жолданған
Атырау облыстық экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеріске тұрғындардың ауа сапасына қатысты шағымдары негіз болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша экологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды.
Атап айтқанда, ЭЛОУ-АТ-2 және ЭЛОУ-АВТ-3 электрлі тұзсыздандыру қондырғыларындағы жекелеген технологиялық пештер, сондай-ақ баяу кокстеу қондырғысының резервуарлары бойынша шығарындыларға есеп жүргізілмеген және рұқсат етілетін шығарындылар нормативтері белгіленбеген.
"Сонымен қатар 2026 жылдың 25 тамызында және 2-7 қыркүйек аралығында күкірт өндірудің кешенді қондырғысы мен каталитикалық крекинг қондырғысында болған апаттық жағдайлардың салдарынан алау қондырғысына газдың апаттық шығарындысы жүзеге асырылғаны анықталды. Көрсетілген кезеңдерде жағылған газдың жалпы массасы 100 тоннадан асқан. Сондай-ақ жоспардан тыс тоқтап қалу және жөндеу жұмыстары тіркелген", – делінген хабарламада.
Бірқатар өндірістік нысандарда көміртек тотығы, азот тотығы және азот диоксиді шығарындылары бойынша белгіленген нормативтердің асып кеткені анықталды.
Тексеру барысында эмиссияларды автоматтандырылған мониторинг жүйесінің жұмысына қойылатын талаптардың, сондай-ақ қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде стационарлық көздерден шығатын шығарындыларды азайту шараларын орындау талаптарының бұзылғаны анықталды.
2026 жылдың 1 қазанында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау туралы шешім прокурормен келісілген. Материалдар қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар тексеру материалдары қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтау және тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау тұрғындары қаладағы өткір жағымсыз иіс пен ауаның ауырлағанына шағымданып жатқаны туралы жазған едік. Әлеуметтік желіде тұрғындар бас ауруы, аллергия және тыныс алудың қиындағанын жазған. Эколог мұнай өңдеу зауыты маңындағы күкіртсутек мәселесіне назар аударса, дәрігер мұндай ауаның тыныс алу жолдары мен жүрек-қан тамырлары жүйесіне қауіп төндіретінін ескертті.
Артынша экология министрлігі Атыраудағы ауаның ластануына не себеп болғанын атады.
