"Демалудан қалдық": Атыраулықтар екі бірдей мұнай зауытының құрылысына қарсы шықты
Атырау облысында бүтін бір ауылдың тұрғындары екі бірдей мұнай зауытының құрылысына қарсы шықты. Шулаған халық кәсіпорындар салынса тынысымыз тарылып, ауруымыз асқынады деп алаңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шенеуніктер 10 жыл бұрын ауылды көшіреміз деп уәде берген дейді көпшілік. Себебі елдімекеннің экологиясы өте нашар деп отыр. Бірақ сөздерінше, әкімдіктегілер айтқанын орындамаған. Ол аздай, іргеден екі бірдей мұнай зауытының құрылысының басталғаны жұртты алаңдатқан.
“Бұл мәселенің қозғалғанына бірталай жыл болды. Ноғаевтың кезінде қозғалған Шәпкенов келді бәрі құр уәдесін беріп кетеді. Ойбай бәрін қатырамыз, жоқ қыламыз еш пайда түсіп жатқан жоқ. Халықты алдап арбап қанау деген мәселе. Зауыт салынып жатыр енді”, – дейді Ескене ауылының тұрғыны Есенжан Тұрланов.
Жергілікті халық жыл он екі ай жағымсыз иіске тұншығамыз дейді. Себебі іргеде бір мұнай зауыты жұмыс істеп тұр. Оған тағы екі кәсіпорын қосылса тіптен жағдайымыз қиындайды деп қынжылады. Елдімекенде тұратындардың көбі зейнеткерлер екен.
“Жағдай нашарлап барады. Жан жағымыз зауыт. Мүлдем демалудан қалдық. Күндіз топырақ, кешке зауыттан иіс келеді. Жағдай нашар. Мынау иіс отырғызбайды, немерелерімізме қауіп қатер келеді деп көшіріп жібердік. Ауасы нашар, у жұтқанмен бірдейміз”, – дейді Ескене ауылының тұрғыны Марат Ізбасаров.
Ал жауаптылар халықты көшіру мәселесі заң аясында қарастырылып жатқанын жеткізді.
“Аудан әкімдігі тарапынан Ескене, Таскескен елдімекен тұрғындарын экологиялық және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етілген аумаққа оның ішінде Атырау қаласына көшіруді ойластырып жатқан жайларымыз бар. Қазір тиісті заңнамаға сәйкес облыстық деңгейде шешімдер қарастырылып жатыр”, – дейді Мақат аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрболат Бөлеков.
Жергілікті халық жауаптылардың орындалмайтын уәдесіне тойған. Тұрғындар бұл мәселе жыл соңына дейін шешілмесе үнімізді аймақ басшысына жеткіземіз деп тарады.
