Өлім жазасын орындау кезінде екі рет екпе салынған әйел есін жиып, сөйлей алған
АҚШ-та өлім жазасына кесілген 50 жастағы Криста Пайк екі рет өлімге әкеп соғатын екпе салынғанына қарамастан, тірі қалып, есін жиды. Адвокаттарының айтуынша, ол қазір сөйлей алады, алайда әлі де жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Оның қорғаушыларының сөзінше, әйел барлық болжамға қарамастан есін жиып, сөйлей бастаған.
Криста Пайк өткен аптада өлім жазасын орындау әрекетінен кейін Теннесси штатындағы ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілген еді. Үкімді орындау барысында оған пентобарбитал препараты екі рет енгізілген. Алайда екі доза да оның өмірін қия алмаған.
Содан бері дәрігерлер әйелдің ағзасынан пентобарбиталды шығарып, өмірін сақтап қалу үшін ем жүргізіп келеді. Берілген материалда өлім жазасын орындау кезінде мұндай екпені екі рет қана салуға болатыны айтылған.
Адвокаттарының мәліметінше, Пайк ауруханада қолына кісен, аяғына бұғау салынып, төсекке бекітілген күйде жатыр. Қорғаушылары екпе салу кезінде денесі зақымданғанына қарамастан, оның осылай ұсталып отырғанын жеткізді.

Өлім жазасы орындалар алдында адвокаттар Пайктың көктамырларының анатомиялық ерекшеліктері препаратты енгізуді қиындатуы мүмкін екенін ескерткен. Олардың айтуынша, бұл әйелді шамадан тыс азапқа салу қаупін арттырған.
Қорғаушылар өлім жазасын орындау үшін препарат екі рет енгізілгеннен кейін Пайктың есін жиюын медицинада бұрын-соңды болмаған жағдай деп бағалап отыр. Дегенмен оның келер уақытта қалай оңалатыны әзірге белгісіз.
"Оның жағдайына қатысты болжам әлі де анық емес. Қалай болғанда да, қалпына келуіне ұзақ уақыт қажет болады деп күтеміз", – делінген адвокаттарының мәлімдемесінде.
Қорғаушыларының айтуынша, Пайк – АҚШ тарихында өлім жазасын орындау кезінде препарат енгізу рәсімі соңына дейін жүргізілсе де, тірі қалған жалғыз белгілі адам.
Енді не болатыны да әзірге түсініксіз. Теннесси билігі оған шығарылған өлім жазасын қайта орындауға әрекет жасай ма, жоқ па – бұл жөнінде мәлімдеме жасаған жоқ.
Дегенмен штат губернаторы Билл Ли жыл соңына дейін барлық өлім жазасын орындауды тоқтатты. Ал Теннессидің түзеу мекемелері жүйесінің басшысы өткен демалыста қызметінен кетуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Пайктың адвокаттарының бірі Стивен Феррел бұған дейін губернаторды оның өлім жазасын кем дегенде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруға шақырған. Қорғаушы әйелдің үкімді орындау кезінде ауыр азап шеккенін, оған дейін де өмірінің отыз жылдан астам уақытын түрмеде өткізгенін айтты.
"Ол өлім жазасын орындау кезіндегі азапты бастан өткерді. Бұған дейін отыз жылдан астам уақыт түрмеде отырды, оның басым бөлігін жалғыз адамдық камерада өткізді. Осы жолы қандай азапқа түскенін әзірге білмейміз. Бәлкім, ешқашан толық біле де алмаспыз", – деді Феррел.
Криста Пайк қылмыс жасаған кезде 18 жаста болған. Ол сол кездегі 17 жастағы жігіті Тадарил Шипппен бірге 19 жастағы Коллин Слеммерді ұрып-соғып, азаптап, өлтірген. Олар Слеммермен мінез-құлқында қиындықтары бар жасөспірімдерге арналған лагерьде танысқан.
Пайк 1996 жылы өлім жазасына кесілді. Үкім орындалғанда, ол Теннесси штатында соңғы 200 жылда өлім жазасы орындалған алғашқы әйел болар еді.
АҚШ-тың түзеу мекемелері өкілдері әрқайсысы өлімге әкеп соғуға тиіс екі екпенің неліктен әсер етпегенін түсіндіретін мәліметті әзірге жариялаған жоқ.
Криста Пайктың қорғаушыларына кеңес берген анестезиолог Джоэл Зивоттың айтуынша, әйелге енгізілген пентобарбиталдың екі дозасы да қанға түскен жағдайда оның өмірін қиюға жеткілікті болған.
Маман препарат көктамырға емес, тері астына енгізілген болуы мүмкін деген болжам жасады. Мұндай жағдайда пентобарбитал қан айналымына толық қосылмай, тері астындағы тіндерге тараған болуы ықтимал. Ал Зивот әйелдің тірі қалуы осы жағдаймен байланысты болуы мүмкін деп есептейді.
Пайктың адвокаттары бұған дейін оның ауру тарихы мен дене ерекшеліктері туралы да ескерткен. Атап айтқанда, әйелде тромбоцитоз бар екені, сондай-ақ көктамырларының жіңішке екені айтылған. Тромбоцитоз – қандағы тромбоциттер санының көбеюімен сипатталатын жағдай. Қорғаушылар осы ерекшеліктер екпе салу кезінде артық ауырсыну мен азапқа әкеп соғуы мүмкін екенін жеткізген.
Пентобарбиталдың өлімге әкеп соғатын екі дозасы Пайктың денсаулығына қандай зардап келтіргенін дәрігерлер әзірге білмейді. Зивоттың пікірінше, екінші екпеден кейін медициналық көмектің кеш көрсетілуі оның миына зақым келтіруі мүмкін. Алайда мұны анықтау үшін толыққанды неврологиялық тексеру жүргізу қажет.
Әйел әлі ес-түссіз жатқан кезде маман қолда бар емдеу тәсілдерінің бәрі қолданылғанның өзінде, оның тірі қалу мүмкіндігіне қатысты нақты болжам жасау қиын екенін айтқан.
"Қолда бар барлық емдеу әдісі қолданылса да, оның тірі қалу мүмкіндігі әзірге белгісіз", – деген еді Зивот бірнеше күн бұрын.
Оның болжамы бойынша, Пайктың денсаулығында өмір сапасына елеулі әсер ететін ауыр мәселелер туындауы мүмкін.
BBC әйел есін жиғаннан кейін Зивоттан қайта пікір сұраған. Материал жарияланған кезде редакция маманның жауабын күтіп отырған.
Фордхем университетінің заң факультетінің профессоры, криминолог Дебора Денно да Пайктың есін жиып, сөйлей бастағанына қатты таңғалғанын айтты. Ол BBC-ге берген пікірінде мұны бұрын-соңды болмаған жағдай деп атады.
Денноның айтуынша, Пайк – өлімге әкеп соғатын екпе арқылы жазаны орындау әрекетінен кейін тірі қалған сегізінші адам. Алайда бұған дейінгі жеті жағдайда үкімді орындаушылар сотталғандардың көктамырына препаратты енгізе алмаған.
Ал Пайктың жағдайы өзгеше: оған препарат шынымен енгізілгенімен, әйел тірі қалған.
"Ол – ағзасына улы зат енгізілгені белгілі жалғыз адам", – деп түсіндірді Денно.
Еске салсақ, бұған дейін Өлім жазасына кесілген әйел екі өлім инъекциясынан кейін тірі қалғанытуралы хабарлаған болатынбыз. Әйел кейін медициналық мекемеге жеткізілген.