Шымкентте даяшы болып жұмыс істеген 13 жастағы бала көз жұмды
2Giz қосымшасында Шымкенттегі “Алтын Мерос” мейрамаханасына шағым түсіргендер мейрамханада 13 жастағы баланың көз жұмғаны туралы жазды. Қайғылы жағдай бірнеше ай бұрын болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желідегілер Мирас деген жасөспірімнің мейремханада көз жұмғанын, мейрамхана әкімшілігінің заңға сәйкес жұмыс істемейтінін, кәмелетке толмаған балаларға ауыр жұмыс істететінін жазған.
“13 жастағы баламен болған қайғылы жағдай мекеме әкімшілігінің өз қызметкерлеріне немқұрайлы қарайтынын көрсетеді. Бәрін кездейсоқ жағдай деп түсіндіруге болар еді, алайда бейнебақылау камераларының болмауы бұл мекемеде қауіпсіздік талаптарының толық сақталмайтынын дәлелдейді. Егер олар кәмелетке толмаған балаларды жұмысқа ала отырып, жұмысын әрі қарай жалғастыра берсе, таңғалмаймын. Өйткені мұндай жерлерде дәл кәмелетке толмағандардан жұмысқа орналасуға сұраныс жоғары”, – деп жазды пікір қалдырғандардыі бірі.

Болған жағдайға қатысты Шымкент полициясына сұрау жіберді. Полиция басқармасы 13 жастағы баланың жүрегі тоқтап қалғанын мәлімдеді.
“Шымкент қаласындағы тойханалардың бірінде кәмелетке толмаған жасөспірімнің қайтыс болуына байланысты полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді. Анықталғандай, жасөспірімнің өлімі ауруына байланысты болған”, – деп мәлімдеді полиция.
Сонымен қатар полиция өкілі тексеру барысында анықталған еңбек заңнамасын бұзу фактілері бойынша тойхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.