Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі өлім инъекциясынан кейін тірі қалған әйел: Билік ары қарай оған қандай шешім шығаратынын білмейді

Екі рет өлім иньекция алған әйел
Фото: bbc.com

Теннессиде өлім жазасын орындау әрекетінен кейін аман қалған 50 жастағы Криста Пайктың жағдайы ауыр. Ал штат билігі оны қайтадан өлім жазасына кесу мәселесіне қатысты әзірге шешім шығарған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Пайктың адвокаты Стивен Феррелл жексенбі күні таңертең CNN-ге берген сұхбатында дәрігерлер оның ағзасынан өлім жазасын орындау кезінде қолданылатын пентобарбитал препаратының екі дозасын шығаруға тырысып жатқанын айтты. Сотталған әйелді алғашқы инъекциядан кейін өлтіру мүмкін болмаған. Мұндай өте сирек жағдайда хаттама бойынша екінші инъекция жасалады. Алайда екінші инъекциядан кейін де Пайктың тіршілік белгілері байқалған. Осыдан кейін оны Нэшвилл қаласындағы ауруханаға жеткізген.

"Ол әлі де ауруханада жатыр, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, жағдайы өте ауыр. Әзірге оның жағдайының қалай болатынын шынымен білмейміз. Бәлкім, тағы бірнеше күн бойы да біле алмайтын шығармыз", — деді Феррелл.

Адвокаттың айтуынша, ол Пайктың палатасына кіре алмаған. Ал жағдайы туралы ақпаратты медициналық сенімді өкілінен алған.

Билік Пайкты қайтадан өлім жазасына кесу әрекеті жасала ма, жоқ па, әзірге айтқан жоқ. Ал Теннесси губернаторы Билл Ли жыл соңына дейін штаттағы барлық өлім жазасын тоқтатты, түрме жүйесінің басшысы қызметінен кететінін мәлімдеді.

"Егер Пайк аман қалып, денсаулығы қалпына келсе де, оның кейінгі жағдайы қандай болатыны белгісіз. Тіпті оның өз әрекеттеріне жауап бере алу қабілетіне қатысты мәселе туындауы мүмкін. Қазір біз бұл туралы ештеңе білмейміз. Бұл мәселені әлі талқылаған жоқпыз, ал Теннесси Бас прокуратурасы да әзірге қандай да бір ұстанымын білдірмеді", — деді Феррелл.

Бұған дейін дәрігерлер Пайкты өлім жазасына кесу әрекеттерінің салдарынан ми жарақатын алуы мүмкін екенін жоққа шығармаған. Феррелл губернаторды "ең болмағанда" Пайктың өлім жазасын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруға шақырды.

"Ол түрмеде 30 жылдан астам уақыт өткізді, оның көп бөлігін жалғыз адамдық камерада өткізді. Азапты өлім жазасына кесу әрекетінен аман қалды. Біз оның осы уақыт ішінде қандай азаптарға ұшырағанын әзірге білмейміз. Бәлкім, ешқашан білмейтін де шығармыз”, — деді адвокат.

Пайк 1995 жылы 18 жасында құрдасы Коллин Слеммерді өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген. Бұл Теннессиде әйелге қатысты 200 жылдағы алғашқы өлім жазасы болды. Слеммердің анасы Мэй Мартинес жазаның орындалуын көру үшін Нэшвиллге келген. Алайда оның сәтсіз аяқталғанын естіп, жылағанын айтты. Ол осы үшін штаттың өзінен кешірім сұрауы керек екенін жеткізді. 

Ал штаттың Түзету мекемелері департаменті өлім инъекциялары белгіленген тәртіппен жасалғанын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, қолданыстағы хаттама қарастырылған процедуралардан бөлек қосымша әрекет жасауға мүмкіндік бермейді. 

Пайктың адвокаттары оның денсаулығына байланысты ерекшеліктері, соның ішінде тромбоцитозы мен веналарының ұсақ болуы, өлім инъекциясы кезінде қатты ауырсыну мен азап шегу қаупін арттыратынын бұған дейін ескерткен.

Еске салсақ, бұған дейін Өлім жазасына кесілген әйел екі өлім инъекциясынан кейін тірі қалғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Әйел кейін медициналық мекемеге жеткізілген.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 05 Қазан, 2026 09:27