Алжирде орман өртегендер мен бала ұрлағандарға өлім жазасы енгізілді
Алжир парламенті орман мен егістікті қасақана өртегендерге, сондай-ақ бала ұрлағандарға өлім жазасын қарастыратын заң жобасын мақұлдады. Бұған елде болған ірі орман өрттері мен ауыр қылмыстардың көбеюі себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Anodolu порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Алжир парламентінің төменгі палатасы орман мен егістікті қасақана өртегендерге және бала ұрлағандарға өлім жазасын қарастыратын заң жобасын мақұлдады.
Жаңа түзетулерге сәйкес, мемлекеттік немесе жеке мүлікті қасақана жою, шетелдік тараптың тапсырмасымен өрт қою, мемлекетке опасыздық, тыңшылық немесе ұйымдасқан қылмыс аясындағы әрекеттер де өлім жазасына әкелуі мүмкін.
Бала ұрлау бойынша да жаза күшейтіледі. Егер қылмыс кезінде азаптау, жыныстық зорлық немесе басқа да ауыр әрекеттер жасалса, өлім жазасы қолданылуы мүмкін. Бұл істер бойынша сотталғандарға жеңілдететін мән-жайлар қарастырылмайды.
Заң жобасы енді Алжир парламентінің жоғарғы палатасының қарауына жіберіледі. Ол үштен екіден астам дауыс жинап мақұлданғаннан кейін президент қол қойып, ресми басылымда жариялануы тиіс.
Айта кетейік, Алжир заңнамасында өлім жазасы әлі де бар. Алайда елде өлім жазасын орындауға 1993 жылдан бері мораторий енгізілген.
Жаңа заң жобасы елдің шығысындағы провинцияларда болған ірі орман өрттерінен кейін ұсынылды. Тамыз айының соңында болған өрт салдарынан 12 адам қаза тапқан.
Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
9 маусымда түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшатынын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігі 10 маусымға қараған түні Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін мәлімдеді.
"Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.
Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
13 маусымда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі өрт алаңы айтарлықтай қысқарғанын мәлімдеді.
14 маусымда төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінің толығымен ауыздықталғанын айтты.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы
